Астана Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы бастығы мен оның орынбасарына қатысты қылмыстық іс аяқталды

Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы бастығы Кәрібеков пен оның орынбасары Әлмұхамбетоваға қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды», деді ресми өкіл.
Оларға «№1 қалалық ауруханаға, №2 емханаға және №3 перзентханаға медициналық құрал-жабдықтарды алу үшін бөлінген 23 миллион теңге бюджет қаржысын талан-таражға салды, сондай-ақ Астана қаласының онкологиялық диспансеріне медициналық жабдықтар алуға бөлінген 6,5 миллион теңгені жымқыруға әрекет жасады» деген айып тағылды.
«Оған қоса Кәрібековке заңсыз жолмен алынған қаражатты заңдастырды, қызметтік автокөлікті жеке мақсаттарда қолдану арқылы лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, мемлекетке 3 миллион 100 мың теңге залал келтірді деген айып тағылды», деді Мұрат Жұманбай.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде айыпталушыларды және олардың қорғаушыларын іс материалдарымен таныстыру шаралары жүргізілуде.