«Астана ЭКСПО-2017» АҚ талантты жастарды тартумен мерекелік шара өткізді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күнінде Астанада «Астана ЭКСПО-2017» АҚ қолдауымен стритбол бойынша жарыстар және брейк-данс көше билері бойынша чемпионат өтті. Шараға елорданың шығармашылық және би ұжымдары, Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының өкілдері және қаланың жастар бірлестіктері қатысты. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.
Қаланың шығармашылық жастарына қолдау көрсетуге және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған іс-шара осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Дәстүрге айналған бұл іс-шараға Астана қаласының әкімдігі және елордалық жоғарғы оқу орындары қолдау көрсетті.
«Біз жиналғандардың барлығын көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Іс-шара астаналықтардың және елорда қонақтарының көңіл төрінен орын алып, биыл 1 мамырды қайта бірге қарсы алып отырғанымызға дән ризамыз. Алда келе жатқан көрменің тақырыбы «Болашақ энергиясы» екені белгілі, ал бұл тақырыпты салауатты және талантты жастарсыз кеңінен ашып көрсету мүмкін емес», - деп атап өтті өз сөзінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ бұқаралық шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры, басқарушы директор Салтанат Рахымбекова.
Айта кетерлігі, көше баскетболының ең үздік кәсіпқой спортшылары мен әуесқойлары осымен екінші жыл өздерінің шеберлігімен жұртшылықты тәнті етуде. Ал көше билері - брейк-данс бойынша чемпионат та іс-шара бағдарламасы аясында өткізілді.
Қатысушыларға төрелік ету үшін кәсіпқой спортшылар мен бишілер шақырылды. Барлығы 13 ерлер командасы және 13 әйелдер командасы стритбол жарыстарына қатысуға өз өтінімдерін берген. Ал көше билері сайыстарына түсу үшін 20 команда және 15 биші өз өтінімдерін жолдады.
Мереке граффитимен айналысатын ең үздік суретшілердің шеберлік сыныбымен аяқталды. Шараны қызықтаған көрермендер де шет қалмай, байқауларға қатысып, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ атынан берілген жүлделер мен сыйлықтарға ие болды.