«Астана ЭКСПО-2017»: Көрмеге келетін туристерге Ұлытау, Қарқаралыны көрсету қажет
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 қонақтарына Ұлытау, Қарқаралыны көрсету қажет. Бұл туралы бүгін Қарағандыда бірқатар кәсіпкерлермен келісімшарт жасасу кезінде «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарушы директоры Салтанат Рақымбекова мәлім етті.
«Қарағанды өңірі ондай ұсыныс жасады. Негізі «ЭКСПО-2017» шарасын өткізу бойынша үлкен республикалық жоспар қабылданған. Онда әр облыстардың өз үлестері жазылған, алдына қойылған тапсырмалары бар. Мысалы, Қарағанды облысында атақты-атақты жерлері бар: Ұлытау, Қарқаралы, Балқаш. Осы жерлерге туристерді тарту үшін инфрақұрылымды міндетті түрде дайындау қажет. Ол үшін облыстың әлеуетін қарастыру қажет», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, табиғат аясындағы туризмге үлкен-үлкен ғимараттарды салудың қажеті де жоқ. Тек қызмет көрсету саласын жоғары деңгейге көтеру қажеттігі туындап отыр.
«ЭКСПО шарасы жаз кезінде өтеді. Меймандардың табиғат аясында қонуына күркелер, трейлерлер қойылса да жеткілікті. Қазір біз Үкіметпен бірге туризм саласына қатысты жобаларды талқылаудамыз. Облыс та өзінің белсенділігін арттыруы тиіс. Өздерінің ұсыныстарын айтып, екі жылдың ішінде дайын жобаларын ұсынулары керек», - деді С.Рақымбекова.
Басқарушы директордың сөзіне қарағанда, ұлттық компания өзіне қойған міндеттердің ішінде туризм саласын өркендетуді алға қойып отыр.
«Біз ЭКСПО арқылы индустрия мен инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, туризм саласын да алға жылжытуды мақсат тұтып отырмыз. Ертең ЭКСПО өткеннен кейін Қазақстан туристік әлеуеті жоғары ел ретінде де ой қалыптастыруымыз керек. Жақында Талғар сынды әдемі жерлер ЮНЕСКО-ға енді, Түркістан бар, Батыста атақты жерлеріміз бар. Бұның барлығы туристерге танытуға тұрарлық жерлер, дегенмен туристерді жоғары деңгейде күтіп алып, сапалы қызмет көрсету алдымызда тұрған үлкен мәселелердің бірі», - дейді ол.
Айта кетейік, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биыл тамыз айында Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамы Ұлытауға экспедиция жіберіп, өңірдің тарихи орындарын GPS-карталарға енгізген болатын. Сонымен қатар туристерге арналған жолсілтемелер жасақтап шықты. Бірақатар қазақстандық туристік компаниялар Ұлытау өңіріне саяхаттаушыларды жіберуді жоспарлап та отыр.