Астана ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында қалай түрленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада бірер күннен соң, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі басталады. Оған әлемнің 150 елінен шамамен 2 миллионға жуық мейман келеді деп күтілуде. Осыған орай, қала басшылығы шетелдік және Қазақстанның өзге өңірлерінен келетін қонақтарды қарсы алу үшін, елорда әсемдігін көркейтуге барынша күш салды.

 Астана ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында қалай түрленді


Астана аумағында ЭКСПО қалашық пайда болды. Оның ішінде 40 тұрғын үй, еліміз бойынша ең ірі ойын-сауық және сауда кешені салынды.  
Әсіресе күн нұрымен шағылысқан үлкен шар түріндегі қазақстандық павильонның ғимараты ерекше әсем көрінеді.

Көрме аяқталысымен Шар ғимарат болашақ музейіне айналып, қаланың игілігіне қызмет етеді деп жоспарланған. Еліміздің шар түріндегі павильоны ЭКСПО-2017 көрмесінің басты символына айналады. Оның диаметрі - 80 метр, биіктігі - 100 метр.

ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі орталықтарының бірі Энергия Холы болады.

Холл - көпфункционалды кешен. Онда қазіргі заманғы хореография қойылымдары, эксперименталды театр, кинокөрсетілімдер өткізіледі. Дәл осында көрменің ресми қатысушыларымен арнайы шаралар өткізіледі. Оның сыйымдылығы - 1 000 адам.

Конгресс-Орталықтың маңызы өте зор. Мұнда іскерлік және ғылыми жобалар ұсынылады. Ол сонымен қатар қойылымдық шоулар, концерттер мен ресми шаралар өткізуге лайықталып отыр.

Әрине, ЭКСПО - қалада жаңадан бой көтерген жалғыз кешен емес. Бірнеше жылдың ішінде Астанада жаңа әуежай терминалы мен теміржол вокзал бой көтерді. Сөз жоқ, бұлар - елорданың мақтанышына айналатын ғимараттар.

Астана қаласының Халықаралық әуежайында енді VIP және жолаушылар терминалы пайда болды.

Жолаушылар терминалының аумағы 47 мың шаршы метрді құрайды. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл «ашық аспан» режимі енгізілгендіктен, әуежай жолаушылардың бұдан да көп қабылдауға дайын. Жаңа терминал жүкті тексерістен өткізудің жаңа жүйесімен жабдықталып отыр. Астана халықаралық әуежайының бас директоры Рәділбек Әдимолданың атап көрсеткеніндей, мұндай жүйе Еуропада тек 2020 жылдары ғана енгізілмек. Аталмыш жүйе күдікті жүкті өзі анықтап, терминалдың басқа сегментіне іріктейді. Оның үстіне, аталған ноу-хау сағатына 1 00 жүкті тексеруге қауқарлы. Әуежайда ашылған жаңа терминалдың өткізу мүмкіндігі - жылына 5 миллион адам. Ескі терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 миллион адам екенін ескерсек, жаңа терминалдың ашылуымен Астана әуежайы жылына 8 миллион адамды қабылдауға дайын.

Әуежай басшылығының айтуынша, барлық қызметкерлер орыс, қазақ және ағылшын тілдерін білуі тиіс. Жұмысқа қабылданар алдында олар арнайы сынақтан өтеді. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 қарсаңында әуежайдың 300 қызметкері ағылшын тілі курстарында оқып шықты.
Елордада салынған жаңа теміржол вокзалы күніне 35 мың адамға қызмет көрсете алады. Вокзал кешені алты деңгейлі, жалпы аумағы 126 мың шаршы метрлік ғимарат. Вокзалда алты жолдың торабы кіріп отыр. Вокзал жолаушылар ағынын, кезегін, қауіпсіздігін, электронды билет сату процесін интеллектуалдық басқару жүйесімен қамтылған.

Бірінші және екінші қабатта 740 көлікке арналған автотұрақ бар. Сонымен қатар ол жерде қызметтік-теxникалық бөлмелер орналасқан. Үшінші қабат арқылы жолаушылар перронға шығады. Төртінші қабат ең негізгі болып саналады. Мұнда басты кіреберіс пен 10 билет кассасы, анықтама бюросы, сауда орындары бар. Бесінші қабатта фуд-корт орналасқан. Алтыншы қабатта әкімшілік кеңселер орын тепкен.

Сонымен қатар вокзалда ана мен бала бөлмелері, қонақ үй, медициналық пункт бар. Вокзалдың қауіпсіздігіне де көп көңіл бөлінген. Ғимаратта 16 кіреберістен адамдарды тексерістен өткізетін құрылғылар, «ақылды» жүйемен басқарылатын 510 камера орнатылған.

Астана 2 миллион туристі қабылдауға дайын. «Астана конвеншн бюро» ЖШС директоры Санияр Әйтекеновтің берген бастапқы мәліметтері бойынша, 100 күнге туристерді орналастыру үшін қонақ үйлерде 32 мың орын қажет.

Оның сөзінше, Астанада 170 қонақ үй бар. Бұл шамамен 12,5 мың орын. Елорда хостелдерін де естен шығармаған жөн.

«Қазір олардың саны 45-ке жуық. Онда 2 мыңға тарта орын бар. Жазда елордада тағы 20 қонақүй пайдалануға беріледі. Ол да қосымша 2 мың орын лайықталған. Сонымен қатар біздің ұйым жоғары оқу орындарының жатақханаларында 8 мыңға тарта орын сайлап қойды. Біздің ақпарат бойынша, Астанада 3 мыңға жуық пәтер жалға беріледі. Бұл 10 мың орыннан асады. Жалпы, біз 35 мыңға тарта орынға ие болып отырмыз және ол барлық сұранысты қанағаттандыруға жетеді», - дейді Әйтекенов.

Қазақстанда «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында booking.com және Airbnb сынды атақты әлемдік жүйелермен синхрондалған torlet.com арнайы сайты іске қосылды.

Жаңа порталдың ерекшелігі - пәтерлерді жаға беру туралы жалған ақпарат жоқ. Онда орналастырылған суреттер де шындыққа жанасады әрі жалдау ақысы да қолжетімді. Сонымен бірге жалға алынған пәтер torlet.com сайтында көрсетілмейді. Яғни сайт тек бос тұрған пәтерлерді ғана көрсетеді. Тұтынушы пәтерді орналасқан ауданы мен жайлылығына байланысты өзі таңдайды. Таңдау жасалған соң жалға берушіге мәлімет беріледі. Сонда басқа риэлторлар өз қызметін ұсынып азаматтарды мазаламайтын болады. Пәтерлерді жалға беру туралы барлық жарнамалардың растығы тексеріліп, жалған жарнамалар бұғатталады немесе біржола өшіріледі.
Туристерге қонатын жай ғана емес, тамақтанатын орындар да қажет. Әкімдік мәліметтері бойынша, 2 миллион туристі тамақтандыру үшін қаладағы барлық мейрамханалар мен дәмханаларда кемінде 110 мың орын болу қажет. Қазіргі таңда Астанада 850 тамақтану орны бар. Олар 116 мың адамға қызмет көрсете алады. Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, елордада ЭКСПО кезінде азық-түлік тұтыну 20-30 процентке артып, 160 мың тоннаны құрамақ.

Миллиондаған мейман күтіп отырған жас Астана безендіруге де үлкен маңыз берді. Жел тұрса, айнала жөнелетін пропеллерлер орнатылып, қаланы жайнатып жіберді.

Айтулы шара қарсаңында елорда көшелеріне ұялы телефон қуаттайтын бағаналар мен орындықтар орнатылды. «Астана» концерт залының алдындағы алаңға, «Нұржол» желекжолына қойылған ұялы телефон қуаттайтын автономды бағаналар мен орындықтар күн батареялары арқылы қуат жинауға негізделген және энергиялық тиімділігімен ерекшеленеді.

Астана жолдары да қалпына келтірілді. Елорданың ең ірі жолдарында автобустарға арналған Bus Lane жолақтар пайда болды.

Астана қаласының әкімдігі қоғамдық көліктерге арналған Bus Lane жолағын енгізу бойынша 4-ші кезеңін жүзеге асыру аясында 3 маусымнан бастап: Республика,   Тәуелсіздік,   Қабанбай батыр, Тұран даңғылдарында,  Сарайшық,  Байтұрсынов, Нәжімеденов, Орынбор (Сығанақ),  Сарыарқа, Бейбітшілік,   Жұмабаев,  Ташенов көшелерінде арнайы жолақ енгізді. Автобустар ЭКСПО аумағы арқылы тәулігіне 340 мың адамды тасымалдайтын болатын.

Еске сала кетейік, Астанада 27 мамыр күні shuttle bus 7 жаңа маршруты енгізілді. Онда 167 автобус қатынайтын болады. 

Халықаралық көрменің ашылуына небәрі 4 күн қалды. Көпшілік Көрмені мәдени және сауық шарасы ретінде қабылдайды. Дегенмен көрме біздің елімізге инновациялық шешімдер әкеліп, дәстүрлі энергоресурстардан арылудың жолдарын ұсынады деп күтілуде.