11:48, 09 Қазан 2013 | GMT +5
Астана емханалары халықты тіркеу науқанын жалғастыруда
АСТАНА. 9 қазан. ҚазАқпарат - Елордада 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін алғашқы медициналық-санитариялық жәрдем (АМСЖ) көрсететін ұйымдарға тұрғындарды тіркеу бойынша науқан жарияланған болатын.

Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады. «Дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдау қағидасы бойынша науқан аясында қаланың әрбір тұрғыны емханаға немесе АМСЖ орталығына тіркеле алады және бұдан әрі оған осы мекемеде қызмет көрсетілетін болады. Қазіргі уақытта АМСЖ ұйымына тіркелу үшін тұрғылықты жері туралы анықтаманың қажеті жоқ», - делінген ақпаратта. Емхана пациенттің тұрғылықты жері мен бұған дейінгі тіркелген ұйымын өзінің ақпараттық жүйесі арқылы тексеруге құқылы. Тіркелу үшін азамат Астана қаласының аумағында тұруы және жеке куәлігі мен ЖСН болуы қажет. Қолжетімділік қағидасын ескере отырып, барлық ниет білдірушілер тіркеле алады, өйткені емханалар тұрғындарға «белгілі бір аумақ» қағидасы бойынша қызмет көрсетеді, яғни әр емхананың, сол сияқты әр учаскелік дәрігердің өз қызмет радиусы белгіленген. Ол осы белгілі бір аумақта ғана тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық қызметтердің толық жиынтығын (емханада қызмет көрсету, дәрігерді үйге шақырту, үйде қызмет көрсету, патронаж, мүгедектерге қызмет көрсету және т.б.) көрсетеді. Егер азамат Астана қаласынан тыс жерде немесе тіркелген емханаға қатысы жоқ ауданда тұратын болса, үйде қызмет көрсету мүмкіндігі болмайды, себебі ара қашықтық пен қызмет көрсету радиуысы үлкен, сондай-ақ қазіргі таңда орын алып отырған көлікпен қамтамасыз ету проблемалары, халық санының артуы және емханалардың шамадан тыс жүктемелері де бар. Емхана жүктемесі шамадан тыс болған жағдайда, тіркелген тұрғындар саны нормативтен асып кеткен жағдайда медициналық ұйым емханадан шалғай жатқан аудандарда тұратын азаматтардың осы емханаға тіркелуіне рұқсат бермеуге құқылы. Сондай-ақ тіркелудің отбасылық қағидасы да маңызды, яғни барлық отбасы мүшелері бір емханада қаралады, бұл мемлекеттік бағдарламаға сәйкес тұрғындарға амбулаториялық қызмет көрсетудің негізгі тұстарының бірі болып табылады. Сонымен қатар, www.e.gov.kz порталында электрондық форматта тіркелу мүмкіндігі бар. Төменде Астана қаласындағы емханалардың мекен-жайлары мен телефондары берілген, онда тіркелу және қайта тіркелу туралы толық ақпарат ала аласыз: № 1 қалалық емхана - Сейфуллин к., 28, тел.: 32-55-59, 32-36-40; № 2 қалалық емхана - Республика даңғ., 50, тел.: 39-53-97, 39-65-19; № 4 қалалық емхана - 103-к., 1-үй, тел.: 62-91-03; № 5 қалалық емхана - Ақан сері к., 20, тел.: 28-95-36, 28-95-31; № 6 қалалық емхана - Абылай-хан даңғ, 30, тел.: 35-83-50, 35-83-96; № 7 қалалық емхана - Ш. Құдайбердіұлы к., 29, тел.: 79-36-21, 79-36-23; № 8 қалалық емхана - Сембинов к., 4/1, тел.: 37-30-82; №9 қалалық емхана - Абылайхан даңғ., 30. тел.: 27-23-55.