Астана форумына жұмсалған 4,5 млрд теңге кемінде 4,5 млрд доллар боп қайтуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Астана халықаралық форумының кулуарында іс-шараны өткізуге кеткен шығындар туралы пікір білдірді.

Әлібек Қуантыров
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Менде форумды ұйымдастыруға жұмсалатын қаражаттың нақты саны белгісіз. Сіз 4,5 млрд теңге деп отырсыз. Осы 4,5 млрд теңге жақын арада 4,5 млрд доллар болып қайтуы мүмкін. Әрине, бұл мүмкін. Мен сізге ең кемінде деген есеппен айтып отырмын. Менің пайымымша, одан да артық инвестиция келеді, 7-10 млрд доллар аралығында инвестиция тартуға болады, — деді ол журналистің сұрағын берген жауабында.

Оның айтуынша, елге ІТ-компаниялардың инвестиция қызығушылығы жоғары.

— Басталып жатқаны бүгін ғана. Екі күннің ішінде біраз кездесулер, талқылаулар болады. Тіпті кейбірінің нәтижесінде кейін нақты келісімшарттарға қол қойылуы мүмкін. Форум аясында әріптестік орнатуы мүмкін ірі ІТ-компаниялар бар, — деді Әлібек Қуантыров.

Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы өтіп жатыр. 

Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған. Екі күн бойы олар түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін талқылайды.

Бұған дейін форумның мәртебелі меймандар қатарында Руанда Республикасының Президенті Поль Кагамен, Албания Премьер-Министрі Эди Раманы, Хорватия Республикасының Премьер-Министрі Андрей Пленковичті, Қатар Премьер-Министрі — Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәни бар екені хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар