16:58, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Астана» футбол клубы алғашқы оқу-жаттығу жиынын қосалқы құраммен өткізуде
АЛМАТЫ. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Астана» футбол клубы жаңа маусымдағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын қосалқы құраммен өткізіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш клубтың баспасөз хатшысына сілтеме жасап.Қазақстан футбол федерациясы атқару комитетінің 2008 жылғы желтоқсанның 14-інде бекіткен құрамы бойынша бұл футбол маусымында Премьер-Лигада өнер көрсететін 16 команданың бірі саналатын астаналықтар алғашқы дайындықты қаңтардың 7-сінде бастаған болатын. «Оқу-жаттығу жиыны қаңтардың 26-сына дейін созылады. Одан кейін футболшылар өз әзірліктерін екі апта бойы Түркияда жалғастырмақ. Әзірге ешқандай жолдастық кездесулер жоспарланып отырған жоқ», дейді «Астана» футбол клубының баспасөз хатшысы Жамал Таңғиев. Өткен маусымда «Астана» футбол клубы турнир кестесінің 11-ші сатысына жайғасқан болатын. Биыл ондағы негізгі футболшылар өз бақтарын түгелдей дерлік өзге командаларда сынап көруді жөн деп шешкен сияқты. Сондай-ақ бұл маусымда Астана қаласының намысын кім қорғайтыны әлі толық шешілмей отыр. Бұрын Алматы қаласында өнер көрсетіп келген «Алма-Ата» мен «Мегаспорт» сияқты жеке командалар өткен жылдың соңында Астанада «Локомотив» деп аталатын жаңа команда құрған болатын. Қазір олар өздерінің тұңғыш оқу-жаттығу жиынын Біріккен Араб Әмірлігінде өткізуде.