17:55, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Астана» футбол клубы жаңадан құрылған «Локомотив» клубымен әріптестік байланыстар орнатуға әзір
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - «Астана» футбол клубының басшылары елорда намысын қорғайтын жаңадан құрылған «Локомотив» клубымен әріптестік байланыстарды орнатуға дайын.
![None None](/static/img/plug.webp)
Бұл жайлы бүгін Астанада клубтың директорлар кеңесінің төрағасы Айталап Құрғамбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі күнге «Локомотивпен» ешқандай келісім жүргізілмеді. БАҚ-та тараған мәліметтерге сай, «Локомотив» елордада ойнауға ниетті. Біз олардың басшылығымен келісім жүргізіп, әріптестік байланыстар орнатуға дайынбыз. Бізбен келісімде отырған негізгі құрамдағы және жастар құрамындағы спортшыларды жалға беруге де әзірміз. Әрине, егер келісім екі жаққа тиімді талаптар негізінде жасалатын болса», деп атап көрсетті А.Құрғамбаев.
2008 жылдың соңғы айында Алматы қаласындағы «Алма-Ата», «Мегаспорт» футбол клубтары бірігіп, «Локомотив» деген жаңа атауға ие команда жасақталған еді. Біріккен жаңа команданың негізгі демеушісі саналатын «Қазақстан темір жолы» компаниясының қалауы бойынша клуб Алматы намысын емес, Астана жалауының түсін қорғайтын болады.