Параатлеттер Astana Half Marathon жарысына қатысты
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада дәстүрлі Astana Half Marathon жарысы өтті. Жарыс аясында құрамына 40-қа жуық адам кірген Funduk Team инклюзивті командасының 10 экипажы стартқа шықты, деп жазды қала әкімдігінің ресми сайты.
Әр экипаж бір штурманнан – инклюзивті қатысушы және оған қашықтықты еңсеруге көмектескен үш пилоттан тұрды. Мұндай бастамалар инклюзивті ортаны дамытуға және қалалық кеңістіктің барлық тұрғын үшін қолжетімді әрі жайлы ету қағидаттарын ілгерілетуге ықпал етеді.
– Мен үшін мұндай марафонға қатысу – ең алдымен ірі спорттық оқиғаның атмосферасын сезініп, осы іс-шараның бір бөлігіне айналу мүмкіндігі. Көрермендердің қолдауын сезіну және осындай іс-шаралардың барлық қатысушы үшін барған сайын қолжетімді болып келе жатқанын көру қуантады, – деді жарысқа қатысушылардың бірі.
Айта кетейік, биылғы Astana Half Marathon жарысы әлемнің 30-дан астам елінен келген шамамен 7000 қатысушының басын қосады.
Марафон бағыты елорданың негізгі көшелері мен көрікті орындарын қамтыды. Іс-шара бағдарламасында 21,1 шақырым, 10 шақырым, скандинавиялық жүріс және «Экиден» командалық эстафетасы бойынша жарыстар өтті.
Айта кетейік, 80 жастағы астаналық марафоншы жарақатына қарамастан Кейптаунда мәреге жетті.