Астана ІІД қызметкерлері жаңа ғимараттар бөлуді сұрайды
«Астана полициясы 1906 және 1976 жылдары салынған ғимараттарда орналасқан. Олар белгіленген нормалар мен стандарттарға сай емес. Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасы 1968 жылы салынған екі ғимаратта орналасқан. Олардың техникалық жағдайы аянышты. Тіпті күрделі жөндеудің өзі экономикалық жағынан тиімсіз», - деп мәлімдеді департамент баспасөз қызметі редакцияның жазбаша сауалына.
Ал Есіл аудандық ішкі істер басқармасы өз қызметін жалға алынған екі бөлек ғимаратта жүргізіп келеді. Оның да өзіндік қиындықтары бар.
«Ғимараттар ішкі істер органдарына сай етіп салынбаған. Жобалық шешімі мен конструктивтік ерекшеліктері қызметкерлерді тиімді етіп орналастыруға мүмкіндік бермейді», - дейді департамент өкілдері.
Қала ІІД бөлімшелеріне әкімшілік ғимараттар бөлу мәселесі қарастырылып жатыр, дейді ІІД баспасөз қызметінің өкілдері.