Astana Innovations Accelerator: бағдарламада таныстырылған жобалар қалаға қандай пайдасын тигізді

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада бірнеше жылдан бері Astana Innovations Accelerator бағдарламасы ұйымдастырылып келеді. Онда жаңа стартаптар таныстырылады. Алдыңғы жылдары үздік деп танылған бастамалар бірнеше салаға енгізіліп те үлгерген. Ал биылғы байқауға 29 стартап ұсынылды. 

Astana Innovations Accelerator: бағдарламада таныстырылған жобалар қалаға қандай пайдасын тигізді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Жаслан Мәдиев: Жастардың құндылықтары технологияға бағытталуы керек

Аталған бағдарламаның ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысып, өсіп келе жатқан буынның құндылықтарын өзгерту қажеттігін мәлімдеді.

а
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның сөзінше, жас ұрпақ заманауи ғылым-білім арқылы тың жаңалықтар ашуға ұмтылғаны жөн.

Ал мемлекет оларға осы бағытта жағдай жасауы қажет.

a
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Мемлекет басшысы технологиялық ұлт қалыптастыру міндетін тапсырды. Сондай-ақ, бұл жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, үш жылда толыққанды цифрлы мемлекетке айналу мақсатын қойды. Astana Hub, «Астана Innovations» және өзге өңірлердегі басқа да акселераторлар бастаған инновациялық сектор жастарды тартып, олардың көзқарасы мен ойлау жүйесін өзгертетін орталық болуы тиіс. Бұл бағдарламалар Астанада қалыптасып, ары қарай аймақтарға кең таралуы керек. Мұндай жобалар барлық облыстағы дарынды жастарды, яғни бүкіл елді қамтуына мән береміз. Жас буын болашақта мемлекеттік қызметкер немесе шенеунік болуды емес, ЖИ және цифрландыру саласындағы жобалардың, стартаптардың негізін қалаушы, кәсіпкер болуды армандауы тиіс. Біз жас ұрпақтың ой-өрісін, дүниетанымын өзгертуге тырысуымыз керек, — деді ол.

а
Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Бұдан бөлек, сала министрі мұндай байқаулардың мән-маңызына айрықша тоқталды.

— Бүгінде елдер арасындағы бәсекелестік барған сайын өз технологияларын әзірлеу және оларды экономиканың негізгі салаларына жедел енгізу қабілетіне тәуелді болып келеді. Сондықтан біз үшін AI-инфрақұрылымды дамыту ғана емес, сонымен қатар қуатты технологиялық компанияларды қалыптастыру да аса маңызды. Astana Innovations Accelerator идеядан бастап нақты іске енгізуге дейінгі жолды қысқартып, қазақстандық жобалар экономиканың ажырамас бөлігіне айналуына әрі жаһандық нарықта табысты бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді, — деді ол.

Astana Innovations Accelerator бағдарламасы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

340 өтінімнен 29 стартап іріктелді

Сонымен қатар, іс-шарада Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, Astana Innovations Accelerator бағдарламасы биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Шаһар әкімдігі технологиялар, жасанды интеллект және инженерия салаларындағы бастамаларды әрдайым қолдап келеді.

а
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Жыл сайын өткізілетін бағдарламаның үшінші легіне биыл қызығушылық екі есе артып, 340-тан астам өтінім қабылданды. Бұл — елордадағы инновациялық экожүйенің қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Технологиялық қауымдастық Астанаға нақты шешімдер ұсынуға дайын, ал елорда өз кезегінде тың идеялардың өнімге айналып, тәжірибеде жүзеге асуына қолайлы орта қалыптастырып келеді, — деді ол.

Astana Innovations Accelerator бағдарламасы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Евгений Глотовтың айтуынша, Astana Innovations Accelerator бағдарламасының шаһар өміріне орасан септігі тиеді. Онда таныстырылып, үздік шыққан жобалар мен бастамалар әртүрлі салаларға енгізіліп те жатыр.

— Өткен жылы 156 өтінімнен 22 жоба іріктелді. Ал 8 жоба білім беру, қауіпсіздік, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында қалалық инфрақұрылымға енгізілді. Бұл көрсеткіштердің артында маңызды мән жатыр. Қалалық инновациялар енді жай ғана идея немесе пилоттық жоба емес. Олар қала тұрғындарының күнделікті өмірінде нақты нәтиже беріп, өмір сапасын жақсартуға қызмет етіп келеді, — деді қала әкімінің орынбасары.

Astana Innovations Accelerator бағдарламасы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Үздік стартаптарға халықаралық нарыққа жол ашылады

Ал биылғы қатысушыларға, тіпті, халықаралық деңгейге шығуға жол ашылып отыр. Өзгелерден оқ бойы озып шыққан үміткерлер жобаларын шетелдерге барып, паш ете алады.

— Үшінші лек қатысушылары үшін жаңа мүмкіндіктер бар. Биыл Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен акселератор алғаш рет халықаралық деңгейге шығып отыр. Үздік командалар өз жобаларын Қытай, АҚШ және БАӘ елдеріндегі серіктес акселерациялық бағдарламаларда таныстыру мүмкіндігіне ие болады. Стартаптар үшін бұл — жаңа нарықтарға, сараптамаға, инвесторларға және халықаралық технологиялық экожүйелерге қол жеткізудің маңызды мүмкіндігі, — деді Евгений Глотов.

Astana Innovations Accelerator бағдарламасы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

«Ақылды қала» бағытындағы стартаптарға басымдық берілді

Сонымен бірге, жиында Astana Hub-тың бас директоры Мағжан Мәдиев сөз алып, бағдарламаға биыл 29 стартап қатысқанын атап өтті. Оның сөзінше, биыл байқау «ақылды» қала бағытына арналып отыр. Бұл салада елордалық мамандар жемісті жұмыс істеп келеді. Бұған дейін астаналықтардың аталған бағыттағы стартаптары ұлттық және халықаралық деңгейге де шыққан.

— Астана — біздің туған қаламыз. Мұнда тұрамыз және бала-шағамызды өсіріп жатырмыз. Сондықтан «ақылды» қала бағытындағы жобалар бәріміз үшін өте маңызды. Бүгінде Үкімет те, жергілікті атқарушы органдар да, Astana Hub секілді институттар да саладағы жобаларға қажетті жағдайды жасап, жұмыс істеуге ыңғайлы ортаны қалыптастырып отыр, — деді ол.

Astana Innovations Accelerator бағдарламасы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Ендігі мақсат — IT экспортын 2 млрд долларға жеткізу 

Сонымен қатар, Мағжан Мәдиев өткен жылы еліміздің IT экспорты 1 млрд доллардан асқанын еске салды. Оның сөзінше, ендігі көздеген меже — аталған көрсеткішті 2 млрд долларға жеткізу.

— Құрметті кәсіпкерлер, қатысушылар, сіздердің көмегіңізбен жаңа жетістіктер мен табыстарға жетеміз деп үміттенеміз, — деді Astana Hub-тың бас директоры.

f
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Astana Innovations Accelerator 2026 бағдарламасының ашылу рәсімінде бірқатар құжатқа қол қойылды. «Астана Innovations» АҚ Growth Vision Pro Ltd жеке компаниясы (Khan Tengri Innovation Hub операторы), Silkroad Innovation Hub және Presight AI Kazakhstan компаниялары ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Құжаттар стартаптарды акселерациялау саласындағы әріптестікті дамытуға, технологиялық жобаларды жетілдіруге және сараптамалық тәжірибе алмасуға бағытталған. Сондай-ақ, олар Қытай, БАӘ және АҚШ серіктестерінің тәжірибесі мен халықаралық желісін пайдалана отырып, қазақстандық командалардың халықаралық акселерациялық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашпақ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда AI-стартаптар мен зерттеулерді қолдаудың жаңа бағдарламалары іске қосылатынын жазғанбыз.