Астана инвестиция үшін айтарлықтай перспективалы мүмкіндіктер ашады - Апталық шолу

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Осы аптаның сейсенбісінде өткен Үкімет отырысында еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, өздеріңіз білесіздер, осы аптада ҮІ Астана экономикалық форумы аясында ҚР Үкіметінің қатысуымен көптеген шаралар болып өтті.
None
None

Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы отырысы, ASTEX-2013 халықаралық көрме-конференциясы сынды ірі шаралар ұйымдастырылды. Олардың барлығын қамту мүмкін болмағандықтан, назарларыңызға ең негізгі деген мәліметтерді ұсынуды жөн көрдік.

Сонымен, Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, 23,5 мың шақырымға созылған республикалық жүйедегі жолдардың 79 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Ал 21 пайызы қанағаттанарлықсыз деңгейде көрінеді. Сонымен қатар, ведомство басшысы жергілікті маңыздағы жолдардың жағдайы біршама нашар екендігін атап өтті. Мәселен, бұл жолдардың 37 пайызының жағдайы сын көтермейтін болып шықты.

Сонмен қатар, министр биыл «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің тағы 806 шақырымы тапсырылатындығын мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, халықаралық дәліздің 915 шақырымы көлік қозғалысы үшін ашылып, қазірде халық оның игілігін көруде.

Тағы бір айта кетерлігі, министр «Алматы-Қорғас», «Шымкент-Жамбыл облысы шекарасы», «Ташкент-Шымкент» учаскелерінде 483 шақырым аралықта құрылыстар басталатынын жеткізді.

Ал Үкімет отырысына қатысқан Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановтың мәліметінше, қашықтығы 65,5 шақырымды құрайтын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы үшін 6 млрд. теңгеге 237 жер телімі сатып алынған. «Сатып алуды қажет ететін учаске - 724 . Оның ішінде 237 жер телімі 6 млрд. теңгеден астам қаржыға сатып алынды», - деді облыс әкімі.

Баяндамашыларды тыңдап болған соң, Үкімет басшысы Серік Ахметов еліміз жолдарының қазіргі күйі мен болашағы туралы біраз мәселелерді көтеріп, қатысты ведомстволарға бірқатар тапсырмалар берді.

Үкімет басшысы Астана мен Бурабай аралығындағы автобан жайында сөз қозғай келе, «Бұл мәселе жобаға қатысты болып отыр. «Астана-Бурабай» жолының құрылысы кезінде қар тоқтату шаралары неге қарастырылмаған? Яғни, жобада жаппай көгалдандыру, сондай-ақ қарды тоқтатудың қолдан жасалған құрылғылары ескерілмеген», - деді.

Осы орайда С. Ахметов қардың түсуі әр жылы әрқалай болатынын және автобан пайдалануға берілгеннен кейінгі төртінші жылы, нақты айтқанда, биылғы наурызда қардың қалыңдығы жол үстінде 4 метрге дейін жеткендігін еске салып өтті. Қалың қар біраз уақыт мемлекетаралық жолды басып қалғандығын сынға алды. Автомобильдік жаңа жолдарды әсіресе, халықаралық маңыздағы жолдарды жоспарлау кезінде барлығын ескеру керектігін шегелеп айтты.

Осыдан кейін, Премьер-Министр жолдарды сақтау мәселесіне тоқталды. Оның пайымынша, көлік жолдарының жағдайын тиісті деңгейде ұстау үшін оларды ақылы ету керек. «Автомобиль саласын реформалау үшін бізге төлем ақысын енгізу керек. Себебі, төлемді енгізбей автокөлік жолдарын күтіп ұстауды бірде-бір бюджет көтере алмайды. Атап айтқанда, бұл тұрғыда жергілікті, сондай-ақ республикалық бюджетке де қиын түседі», - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, С. Ахметов ҚР Көлік және коммуникация министрлігіне әкімдіктермен бірлесе отырып, автомобиль жолдарының уақытылы және сапалы құрылысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Осы орайда Үкімет басшысы жауапты министрлікке «Батыс Еуропа - Батыс Қытай», «Астана - Алматы», «Астана - Павлодар», сондай-ақ басқа да жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асыруды жүктеді. Және де бөлінген қаржының уақытылы игерілуі мен жол құрылысындағы сапа мәселесіне айрықша назар аударуды тапсырды.

Осы отырыста, сондай-ақ, 2013 жылғы жазғы маусымда оқушыларды сауықтыру, олардың бос уақытын, демалысын ұйымдастыру бойынша баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Қазақстанда 755 орынға есептелген 5 жаңа сауықтыру демалыс нысаны ашылатындығын жеткізді. Оның айтуынша, Республиканың 7 өңірінде мектеп жанындағы лагерьлер саны көбейді. Жалпы, маусым басталу қарсаңында республикада 775 орынға есептелген 5 сауықтыру демалыс нысаны ашылады. Атап айтқанда, олар Қостанай мен Павлодарда бір-бірден, ал Батыс Қазақстанда 3-еу болмақ екен.

Министрдің атап өтуінше, жекеменшік 221 лагерьдің 82-сі жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, тұрғындардың әлеуметтік қорғалмаған бөлігінен шыққан балаларға ерекше назар аударылады. «Ағымдағы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларда тұратын 680 мың бала, мүгедек балалар мен жетім балалардың 450-ге жуығы немесе 65,4 пайызы жазғы демалыспен қамтылады», - деді Б. Жұмағұлов.

Ал осы күні, яғни 21 мамырда ҚР бірінші вице-премьері, Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев және ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев ASTEX 2013 халықаралық көрме-конференциясының жұмысымен танысты. Халықаралық көрме аясында отандық және шетелдік компаниялармен қатар отандық ғалымдар мен Халықаралық IT университетінің студенттері де өздерінің ноу-хауларын көпшілікке ұсынды. Атап айтсақ, көрме қонақтарының назарына бірден бірнеше отандық робот ұсынылды. Бұдан басқа, ұлттық стартап жобалары байқауының жеңімпаздары да өз жобаларын таныстырды. Олардың қатарында Web RTC технологиясы негізінде жұмыс істейтін IP телефония сервисі мен Shoppy.kz порталын айтуға болады. ASTEX 2013 халықаралық көрмесі аясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың және Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сәрсеновтің, сондай-ақ әлемдік АКТ нарығының көшбасшы компаниялары өкілдерінің қатысуымен конференция болып өтті. Онда түрлі бағыттағы мысалы, электрондық үкімет, денсаулық сақтау, білім беру, бизнес салаларындағы инновациялық жаңашылдықтар талқыға түсті.

Конференцияға қатысушылар қатарында бизнес-жаттықтырушылар мен ғалымдар, шетелдік компания басшылары да болды. Атап айтсақ, олар - Брайан Камерон - АҚШ үкіметінің кеңесшісі, Филипп де Марсельяк - IDC вице-президенті, доктор Анг Мон Суг - Оңтүстік Корея Президенті жанындағы электрондық үкімет бойынша арнайы комитеттің төрағасы.

22 мамыр күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы отырысы болып өтті. Онда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев шетелдік инвесторларды технологиялар трансферті орталығын құруға қолдау көрсетуге шақырды. «Біздің министрліктерге, даму институттарына, ұлттық компанияларға және кәсіпорындарға технологиялар трансферті орталығын құруға қолдау көрсетуді сұраймын», - деді министр. Министрдің атап өтуінше, елімізге кремний алқабы сынды орталықтар керек. «Сіздердің елдеріңіздің жетекші инновациялық орталықтарымен байланыс орнату қажет», - деді Ә. Исекешев.

Оның атап өтуінше, елімізде шетел инвестициясын тарту бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп, Ұлттық жоспар әзірленген. Қазіргі таңда экономикаға 171 млрд. доллар тікелей шетел инвестициясы құйылды. Оның 48 пайызы немесе 82 млрд. доллары соңғы төрт жылда тартылды. Министрдің атап өтуінше, өткен жылы Қазақстан экономикасына құйылған шетел инвестициясының көлемі 22,5 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл ең жоғарғы көрсеткіш болып есептеледі. Индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылған соңғы төрт жылда 40-тан астам инвестиция өңдеу өнеркәсібі саласына салынды. Ал құрылыс және электрмен жабдықтау саласына тартылған инвестиция 1,5 есеге артыпты.

Сондай-ақ, Ә. Исекешевтің пайымынша, шетел инвесторларына инновация мен зерттеу жұмыстары мәселелерін зерделеуде арнайы жұмыс тобын құру қажет. Оған корпорациялардың инновация мен зерттеу жұмыстарына жауапты жоғары лауазымды қызметкерлері кіруі тиіс көрінеді. Сондай-ақ министр өз сөзінде аталған жұмыс тобы ауқымында 6 айлық мерзімде инновация саласындағы жобалардан туындайтын мәселелерді инвесторлық қоғамдастықпен тыңғылықты зерделеуге дайын екендіктерін жеткізді.

Ал енді ҮІ Астана экономикалық форумына келер болсақ, 22-24 мамыр аралығында өткен бұл шарада Үкімет мүшелері көптеген мәселелердің басын ашып, бірқатар шешімдер қабылдады. Форум аясында өткен «Әлемдік нарыққа шығу үшін көліктік инфрақұрылымды және транскаспийлік бағдарларды дамыту» атты сессияда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемін 2 есеге арттыру жоспарлануда екендігін алға тартты.

«Біздің шарамыздың Қазақстанның астанасында Шығыс пен Батыс елдерін қосатын Ұлы Жібек жолы орналасқан жерде өтуінің нышандық мәні бар. Бүгінде біздің еліміз Ұлы Жібек жолының тарихи рөлін қайта өрлетуде. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шетел инвесторлары кеңесінің өткен жылғы отырысында «Жаңа жібек жолы» жобасын жүзеге асыру басталғандығын жария етті», - деді ол.

Б.Сағынтаевтың атап өтуінше, аталған жоба елдің басты көлік дәліздерінде халықаралық деңгейдегі хабтардың бірыңғай кешенін құруды көздейді. Бұл мақсаттарда Қазақстан ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып, тауар айналымы көлемін қарқынды түрде арттыру үстінде. Соңғы 10 жылдың ішінде елдің сыртқы сауда айналымы 8 есе өсіп, жылына 135 млрд. АҚШ долларын құрады. Ал елдің сыртқы сауда әріптестерінің қатары 100 елден асып түсті.

Қазақстанда көліктік-коммуникациялық кешенді дамытуға соңғы 3 жылдың ішінде 14 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы құйылды. Оның 5 млрд. доллардан астамы халықаралық қаржы институттарының займы болып саналады. Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалының бүгінгі таңдағы көрсеткіші жылына 17 млн. тоннадан асып түсті. Ал кіріс жылына шамамен 1 млрд. долларды құрады.

Сонымен қатар, Б. Сағынтаевтың мәліметінше, 2020 жылға қарай Ақтау портының жүк өткізу мүмкіншілігін 18 млн. тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. «Азиядан Еуропаға қарай бағыттағы қашықтықты 500 шақырымға қысқартуға және Қытайдан Еуропа мен Азия елдеріне тасымалданатын жүк ағыны көлемін арттыруға мүмкіндік беретін «Жетіген-Қорғас» жобасы жүзеге асырылуда. «Өзен-Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» жобасы екі елдің президенттерінің қатысуымен ашылды», - деді ол. Б.Сағынтаевтың атап өтуінше, Қазақстанның еуропалық және азиялық өңірлердегі автомобиль жолдары желісіне шығу арқылы ірі көлік торабы мен терминалдарына ықпалдасу үдерісі белсенді жүргізілуде. Бұл тұрғыда ұзақтығы 8 мың шақырымнан асып түсетін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолы басты жоба болып саналады. Аталған жолдың 2700 шақырымы Қазақстан жері арқылы өтеді.

«Сонымен қатар біз Түркия, Грузия, Әзірбайжан және Қазақстанның кеден қызметкерлері мен тасымал үдерісіне қатысушылар арасында ақпарат алмасу жүргізілетін «Silk Wind» атты маңызды жобаға да атсалысудамыз. Халықаралық дәліздер тоғысында орналасқан Ақтау портын кеңейту және жаңғырту көзделуде. 2020 жылға қарай Ақтау портының жүк өткізу мүмкіншілігін 18 млн. тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда», - деді Б.Сағынтаев.

Сонымен қатар, бірінші вице-премьер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 136 мың жұмыс орны сақталып, 34 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғандығын атап өтті. Елімізде азаматтардың өз кәсібін жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалғандығын баса айтқан Б.Сағынтаев: «Барынша жемісті әрі ауқымды шаралардың бірі - «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы. Оның маңызды аспектісі қолданыстағы жұмыс орындарына қолдау көрсетумен қатар жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталуында болды», - деді. Оның айтуынша, небәрі 3 жылдың ішінде төленген субсидиялардың жалпы көлемі 31,5 млрд. теңгені құрап отыр.

Ал VI Астана экономикалық форумы аясында өтіп жатқан «Астана Инвест-2013» ІV Халықаралық инвестициялық форумы барысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Астана инвестиция үшін айтарлықтай перспективалы мүмкіндіктер ашатындығын баса айтты. «Астанада бүкіл қоғам өмірінің барлық мәселелері талқыланатын шынайы диалог алаңы қалыптасты. Ең бірінші кезекте бұл мемлекеттер экономикасына байланысты мәселелер екені айқын. Ал Астана экономикалық форумы аясында жасалатын ұсыныстар әлбетте көптеген мемлекеттерге жетеді. Өйткені, мұнда әлемнің 100-ден астам мемлекет өкілдері қатысып отыр», - деді Үкімет басшысы.

«Еліміздің жас Астанасы бүгінгі Қазақстанның бірегей өзгерістерінің прогресіне айналды. Елорда бүкіл еліміздің экономикалық дамуына қуатты серпін беріп отыр. Мемлекет басшысының қолдауы арқасында қала ірі саяси-экономикалық орталық қана емес, өңірдегі аса маңызды халықаралық оқиғалар орталығына айналды. Сондықтан да Астана инвестиция үшін айтарлықтай мүмкіндіктер ашады», - деді С. Ахметов.

Соңғы жаңалықтар