Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы бастығы Т.Кәрібековке қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді

АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы бастығы Темірлан Кәрібеков пен оның орынбасары Тәрбие Әлмұхамбетоваға қатысты қылмыстық іс сотқа тапсырылды.
None
None

Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік сатып алулар саласындағы жемқорлық қылмыстармен күрес нәтижелеріне арналған брифингті көрсеткіштерден бастаған М.Жұманбай, ағымдағы жылдың 7 айында қаржы полициясы органдары осы саладағы жемқорлық қылмыс фактілері бойынша 256 қылмыстық іс қозғағанын және бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 39 пайызға көптігін атап өтті. «Бұл санаттағы 104 қылмыстық іс сотқа жіберілді, 22 адам сотталды. Анықталған залал сомасы 1 млрд. 825 млн. теңгені құрады, оның 398 млн.теңгесі өтелді», - деді ол.

Қаржы полициясы органдарының жедел-тергеу практикасы, мемлекеттік сатып алу саласындағы жемқорлық қылмыстардың басым бөлігін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, өздерінің қызмет бабын пайдаланып жасаған бюджет қаражатын ұрлау фактілері құрайтынын көрсеткен. Аталған факті бойынша ұсталған Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы бастығы Т.Кәрібеков пен оның орынбасары Т.Әлмұхамбетованың ісі бүгінде қарау үшін Сарыарқа аудандық сотына тапсырылды.

 «Оларға қызмет бабын пайдаланып, медициналық мекемелерге құрал-жабдықтар алу үшін бөлінген 23 млн. 100 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражатын ұйымдасқан топ болып талан-таражға салды деген айып тағылды», - деп атап көрсетті ресми өкіл.

Соңғы жаңалықтар