13:28, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы бастығына қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Кәрібеков пен оның орынбасары Әлмұқамбетоваға қатысты қылмыстық істі тексеру шаралары жалғасуда.
Бұл мәселеге қатысты мәліметтермен бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Естеріңізге сала кетейік, аталған азаматтар осыған дейін №1 қалалық аурухана мен №2 емханаға және №3 перзентханаға жеткізілуі тиіс медициналық құралдардың жеткізілмегендігіне қарамастан «Глобус и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есебіне мемлекет қаржысын заңсыз аударды деген айып тағылған болатын. Одан мемлекетке келген шығын 22,9 миллион теңгені құраған. «Қазіргі таңда осы іс бойынша «Глобус и К» ЖШС-ның директоры Мансұровқа қатысты алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Ал Кәрібековке қатысты қызмет өкілеттігін теріс мақсаттарға пайдаланып, 2007 жылдың ақпан айы мен 2009 жылдың наурыз айы аралығында «Тойота Ленд Крузер» көлігін отбасының қызметіне пайдаланды деген айып тағылып, тағы бір іс қозғалды. Бұл әрекеттен мемлекетке келген шығын алдын ала есептер бойынша 3,1 миллион теңгені құрап отыр», деді ресми өкіл.