Астана қалалық Құрылыс департаментінің бұрынғы бастығы А. Нұрмағамбетов қамауға алынды
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қаласының Құрылыс департаментінің бұрынғы директоры Асқар Нұрмағамбетовке мемлекеттік сатып алу шаралары кезінде қызмет өкілеттігін теріс мақсатқа пайдаланды деген айып тағылды.
Наурыздың 19-ы күні «Сарыарқа» аудандық соты оны қамауға алу туралы санкция шығарды. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның деректеріне қарағанда, қалалық Құрылыс департаменті бастығының заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 51 миллион теңге зиян келген. «Жақында А.Нұрмағамбетовтың бұрынғы орынбасары Юрий Ярош та қамауға алынды. Ол да өзінің өкілеттігін теріс мақсаттарға пайдаланып, мемлекеттік сатып алу шараларын іске асыру кезінде заңсыздықтарға бой алдырған. Соның салдарынан мемлекетке келген шығын 168 миллион 100 мың теңгені құрап отыр», - деді ресми өкіл. Қазіргі таңда аталмыш іс бойынша тергеу шаралары жүргізілуде.