Астана қалалық Мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорда бюджеті жайы сөз етілді
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Бүгін Астана қалалық Мәслихатының кезектен тыс ХХХІІ сессиясында 2008 жылдың соңында бекітілген қала бюджеті тағы бір мәрте талқыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қала басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың бастамасымен өткізілген жиынның мақсаты ? бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларды қайта қарап, үнемділік шараларын пысықтау. Соған сәйкес, Астана қаласы Мәслихатының 2008 жылғы желтоқсанның 18-індегі «Астана қаласының 2009 жылға арналған бюджеті туралы» мәселе қаралды. Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Бекбол Сағын жиынды шақырудың мән-жайын баян етті. Үкімет Астананың денсаулық сақтау нысандарын дамытуға 9 842 287 мың теңге көлемінде мақсатты трансферт бөлгенін, Бюджет кодексіне сай, қалада жыл бойы толық игерілмеген мақсатты трансферттерді республикалық бюджетке қайтару қажеттігін қаперге салды. Себебі Қаржы министрлігі Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша, наурыз айында республикадан бөлінген мақсатты трансферттерді игеру туралы тапсырма жүктеген болатын. Соған орай, жергілікті бюджет қаражаты есебінен аяқталмаған нысандарды қаржыландыруды қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыруға 5 032 000 мың теңге қажеттігі байқалды. Ал 416 249 мың теңгені республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне қайтару жайы сөз болды. Үстіміздегі жылғы қаңтардың 1-індегі жағдайға сәйкес, 140 525 мың теңге шамасындағы еркін қалдықтар Бюджет кодексінің тиісті баптарына сай бөлінді. Бюджет қаражатын игеру мониторингі қорытындыларының негізінде жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша жылдық жоспарлы тағайындауларды қайта қарау және несиелік берешекті өтеуге 188 683 мың теңге көлемінде қаржы бөлу жайы сөз етілді. Б. Сағын, сондай-ақ қала бюджетіне 404 693 мың теңге көлемінде түзету енгізілгенін атап айтты.