Астанадағы 13 қабатты тұрғын үйден өрт шықты

АСТАНА.KAZINFORM — Осы сәтте ТЖМ қызметкерлері Астана қаласының Байқоңыр ауданындағы Отырар көшесінде орналасқан 13 қабатты тұрғын үйден шыққан өртті ауыздықтап жатыр. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті. 

Астана қаласындағы  13 қабатты тұрғын үйден өрт шықты
Фото: ТЖМ

112 нөміріне зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келген кезде жоғарғы қабаттардағы балкондардың ашық жалынмен жануы байқалды. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде ашық жалын сөндірілді. ТЖМ қызметкерлері құтқару маскаларын қолдана отырып, 4 адамды, оның ішінде 1 баланы құтқарды. Сонымен қатар, 10 адам ТЖМ күштерімен эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ. Өрт 40 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.

Еске сала кетейік, синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде шаңды дауыл, найзағай, бұршақ, қатты жел және аптап ыстық күтіледі. Сонымен қатар өрт қаупі де жоғары болуы ықтимал екені ескертілді.

Ал бір аптада «Семей орманында» 15 өрт ошағы анықталып, дер кезінде жойылды.