Астана қаласының әкімі тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Елорданың әкімі Жеңіс Қасымбек қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласының әкімі тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтады
Фото: Астана әкімдігі

– Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Баршаңызды көктемнің шуақты мерекесі – жаңару мен жаңғырудың, бірлік пен берекенің нышаны болған Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Сан ғасырлық тарихы бар бұл мереке ұрпақтар сабақтастығын жалғап, әр шаңыраққа жылулық пен ізгілік нұрын сыйлайды.

Астана – мәдениет пен тарих тоғысқан, заманауи жетістіктер өркен жайған қала. Біз бірлесе отырып, елордамызды одан әрі дамытып, оны жайлы да серпінді, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын шаһарға айналдырып келеміз.

Елордада 14 наурыздан бастап Наурыз мерекесін тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі бастау алды. Қалада 10 күн бойы 200-ден астам түрлі іс-шара өтіп жатыр: концерттер, көрмелер, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, шығармашылық кештер, спорт ойындары, қайырымдылық шаралары және т.б. Мерекелік бағдарламалар қаланың барлық алты ауданында ұйымдастырылған.

Наурыз мерекесі әр шаңыраққа жылулық, шаттық пен татулық әкелсін. Сіздерге мықты денсаулық, бақыт және жаңа жетістіктер тілеймін, - деп жазды Жеңіс Қасымбек.

мереке
Фото: Астана әкімдігі
наурыз
Фото: Астана әкімдігі

Еске сала кетейік, бұдан бұрын елорда мен Алматыда мереке кезінде балаларға арналған қандай қызықтар бар екенін жазғанбыз.