18:03, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Астана қаласы Есіл ауданының әкімі жұртшылықпен есеп беру кездесуін өткізді
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін елордамыздың №45 мектебінде Астана қаласының Есіл ауданы әкімінің 2008 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері жөнінде жұртшылықпен есеп беру кездесуі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кездесуге қалалық әкімдіктің, жер қатынастары, денсаулық сақтау басқармаларының, «Астана ? Тазалық» ЖШС-нің, Астана су арнасының өкілдері қатысты. «2008 жылғы тамыздың 5-сінде ҚР Президентінің жарлығымен аталмыш жаңа аудан құрылды. 180 мың халқы бар аудан Астананың жартысына жуық, яғни 31,2 гектар жерді алып жатыр. Жаңа аудан ашылғалы бері біздің алдымызға мынадай басты міндеттер қойылды: көгалдандыру, энергетиканы жаңғырту, әлеуметтік саланы дамыту, кешенді тұрғын үй салу жобаларын жүзеге асыру, туризмді дамыту. Осының барлығы ? үлкен жұмыс атқаруды талап ететін нақты мақсаттар», - деді есеп беру кездесуінде Есіл ауданының әкімі Қайрат Жаңабергенов. Қайрат Жаңабергеновтің айтуынша, 2012 жылға дейін мемлекет 3 жылдық бюджеттік жоспарлау есебімен ауданның дамуына әртүрлі инвестициялар түрінде 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлмек. Аталмыш қаражаттың бір бөлігі жылумен, сумен, жарықпен қамтамасыз ету, көшелерді жинау сияқты қызметтерге жұмсалмақ. «Ауданда 28 ПИК жұмыс істейді, қызмет көрсетілетін 87 тұрғын үй бар. Тұрғын үй қорын арттыру тұрмыстық қызмет көрсету жағдайын мұқият зерттеуді талап етеді. Осыны ескере отырып, тұрғын үй қоры жөніндегі шараларды тиімді жүзеге асыру үшін ПИК Қауымдастығы құрылды», - деп атап өтті аудан әкімі.