14:57, 01 Шілде 2009 | GMT +5
Астана қаласы Құрылыс департаменті бастығының бұрынғы орынбасары 7 жылға бас бостандығынан айырылды - Қаржы полициясы
АСТАНА. Шілденің 1-і. ҚазАқарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астана қаласы Құрылыс департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ю.Ярош 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Маусымның 18-і күні Алматы аудандық соты Ю.Ярошты жеті жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды», деді ресми өкіл.
Ю.Ярош өзінің өкілеттігін теріс мақсаттарға пайдаланып, мемлекеттік сатып алу шараларын іске асыру кезінде заңсыздықтарға жол берген. Соның салдарынан мемлекетке келген шығын 168 миллион 100 мың теңгені құрады.
Астана қаласы Құрылыс департаментінің бұрынғы бастығы Асқар Нұрмағамбетовке және осы департаменттің екі бөлім бастығына қатысты қозғалған іс прокуратураға жіберілді.