Астана қаласының әкімі «Mitsubishi Asian Children's Enikki Festa» халықаралық Азия фестивалінің жеңімпаздарын марапаттады
АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Қазақ Ұлттық музыка академиясында Астана қаласының әкімі, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Иманғали Тасмағамбетов «Mitsubishi Asian Children's Enikki Festa 2008-2009» Балалар шығармашылығының халықаралық Азия фестивалінде жеңімпаз атанған қазақстандық балаларды марапаттады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандық жас таланттар, өздерінің өнері арқылы Қазақстанды және оның төл мәдениетін әлемге таныстырды. Сөзсіз, барлық бала талантты. Ал олардың табиғи бейімділіктерін ашуға ұстаздардың да қосқан үлесі зор. Мәдениеттердің өзара сіңісуі - жылпыға бірдей қазына-байлықты тудырады. Мен бұл залда отырғандардың арасында өз талантыменен әлемдік өнер мен мәдениетке өзіндік үлесін қосатын жандардың барына кәміл сенімдімін», - деді И.Тасмағамбетов құттықтау сөзінде.
Әкім фестивальдің бас жүлде иегері 12 жасар Роза Аманжолованы алтын медальмен, 2000 АҚШ доллары көлеміндегі сыйақымен және арнайы дипломмен марапаттады. Сондай-ақ елордалық Әлфира Әбдуалиеваға «Mitsubishi» компаниясының арнайы сыйлығын табыс етті, ал Артем Масленников (Павлодар, 7 жас), Еркежан Шахарбек (Шымкент, 6 жас), Әсем Шәмшиева (Ақтөбе, 10 жас), Татьяна Тризуб (Шахтинск, 10 жас) және Карина Першина (Талдықорған, 9 жас) ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Айта кетейік, «Mitsubishi Asian Children's Enikki Festa» халықаралық фестивалі 1990 жылдан бері Азия өңіріндегі 24 елдің жас таланттарын біріктіріп келеді. Ол ЮНЕСКО-ның мәдениет пен білім беру салаларындағы бағдарламаларына қолдауға, сондай-ақ балалар шығармашылығы арқылы ұлтаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға және тәжірибе алмасуға бағытталған.
Қазақстан фестивалға қатысушылар құрамына ресми түрде 2008 жылдың сәуірінде кірді. Осы жылы өткізілген «Бұл менің өмірім» атты суреттер мен эсселер байқауына республиканың барлық аймақтары мен қалаларында тұратын 6-12 жас аралығындағы барлығы 4126 бала қатысты.
Іс-шара барысында фестиваль жеңімпаздары мен қатысушыларының туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды.