Астана — Қарағанды тасжолында бес көлік соқтығысты

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдың бір бөлігі жабық болғанына қарамастан, кейбір жүргізушілер тасжолға шығып, тізбекті жол апатына ұшырады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

жол апаты
Фото: Видеодан скрин

Жол-көлік оқиғасы 10 наурыз күні шамамен сағат 15:00–де республикалық маңызы бар Астана — Қарағанды — Алматы тас жолында тіркелді. Оқыс оқиға жолдың 250-шақырымында, Қарағанды — Ақсу-Аюлы учаскесінде, Атамекен ауылының маңында болған.

Жол қызметтерінің мәліметінше, соқтығыс салдарынан ешкім зардап шекпеген.

Айта кету керек, аталған жол бөлігі ауа райының күрт нашарлауына байланысты сағат 10:40–та жабылған болатын. Өңірде қалың қар жауып, боран соғып, жел күшейіп, көріну қашықтығы айтарлықтай төмендеген.

Енгізілген шектеулерге қарамастан, бірнеше автокөлік жүргізушісі тыйымды елемей, жабық жолға шыққан. Соның салдарынан жол-көлік оқиғасы болған.

Оқиға орнына жол қызметінің мамандары жеткен кезде жүргізушілердің ешқайсысы болмаған. Сонымен қатар, кейбір көліктерде мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері болмағаны анықталған.
Қазіргі уақытта жолдың осы бөлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Жолды тазарту және апат салдарын жою үшін жол қызметтерінің 15 арнайы техникасы жұмылдырылған.

Жол қызметінің мамандары жүргізушілерді, әсіресе қолайсыз ауа райы кезінде, қозғалысқа енгізілген шектеулерді қатаң сақтауға тағы да шақырды.

— Жабық жол учаскелеріне шығу және жол қызметтерінің ескертулерін елемеу қауіпсіздікке үлкен қатер төндіріп, жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін, — деп еске салды мамандар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астана — Қарағанды тасжолында боран кезінде жеті көлік соқтығысып, адам қаза тапқаны хабарланған болатын.