Астана - Қазақстан халқының дербес таңдауы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан тура 20 жыл бұрын, яғни 1994 жылдың 6 шілдесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика астанасын Алматыдан орталық өңірге қарай көшіру туралы идеясын алғаш рет Жоғарғы Кеңес депутаттарының алдында жария еткен екен. Дәл сол күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім-қаулысы қабылданды. Міне, осынау шешімнен кейін астананың орталыққа қарай бетбұрысы біртіндеп қозғала бастады.

Астана - Қазақстан халқының дербес таңдауы

Кейіннен, 1997 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты. Соған орай Ақмолаға қарай ресми көштің басы 1997 жылдың күзіне қарай басталды. Осы жылдың 20 қазанында Президент Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы Ақмола қаласына жеткізілді. Осы салтанатты шарада Мемлекет басшысы Н. Назарбаев: «Барлық саяси шешімдер бүгіннен бастап осы қалада қабылданатын болады», - деп ресми жариялаған еді. Көп кешікпей, 1998 жылы Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап туған күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды. Жеті жыл қатарынан мереке 10 маусым күні тойланып келді. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге - Астана күні атауы беріліп, оны атап өту алғашқы тарихи шешім қабылданған күн - 6 шілдеге бекітілді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, 6 шілде - Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.

Міне, Астананың тікелей авторы Елбасы Н. Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «Ұлт келбетіне айналған біздің Астанамыз қай жағынан қарағанда да кісі қызығарлықтай, Шығыстың да, Батыстың да айшықтарын қатар қабыстырған қалаға айналып келеді». Сол Астана бүгін 16 жасқа толып, аз ғана жылдың ішінде әлем таныған әсем қалалардың қатарынан көрінді. Сонымен қатар, «Еуразияның қақ ортасында біз орнатқан Астана - Қазақстан халқының дербес таңдауы. Астана - елдің болашаққа салған көпірі. Жаңа қоғамның символы. Біз іс жүзінде жаңа мемлекет орнатуды астанамызды жаңадан салудан бастадық десек те артықтығы жоқ», - деген болатын бір сөзінде Елбасы Н. Назарбаев.

Шындығында, бүгінгі таңда жер жаһан Астананы Қазақтың бас қаласы ретінде танып қана қойған жоқ, Еуразия кіндігіндегі ең белсенді орталыққа, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын орталыққа айналғанын да мойындап отыр. Ару Астана төрткүл дүние тамсанатын, әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын бас қаласы ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті.

Соның айқын дәлеліне келсек, 2010 жылғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астана Саммитін өткізгелі бері Елорданың мерейлі мәжілістер өткізе алатын деңгейі қуаттала түскендей болды. Айбарымызды асқақтатқан Азиаданы қоспағанда халықаралық саяси һәм экономикалық маңызды мәселелер талқыға салынған жиындар, жоғары деңгейде халықаралық шешімдер қабылданған мәжілістер соның айғағы. Бір сөзбен айтқанда, Астана қазақ даласының ғана емес, өңірдің беделін алға сүйреп келеді. Ал ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі секілді жаһандық деңгейдегі басқосулардың алдағы уақытта да өткізілуі елорданың даңқын да арттыра түспек.

Сонымен қатар, Астана осы жылдар ішінде биік белестерді бағындырып, ел экономикасын ілгерілететін қозғалтқышқа да айналды.

Атап айтсақ, қаладағы өндіріс өнеркәсібінің көлемі 260 миллиард теңгеге жетіп, 7 пайызға өскен. Экономикаға 545 миллиард теңге инвестиция салынды. Бүгінгі таңда елордадағы шағын және орта бизнес те қарқынды дамып келеді. Мысалы, шағын және орта бизнес субъектілері өндіретін өнімдер жалпы өңірлік өнімнің 40 пайызын құрап отыр. Сонымен қатар, өткен жылы қалада 1 миллион 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Астананы жұртшылық өмірі үшін жайлы ету мақсатында экономикамен қоса экологиялық жағдайына да етене көңіл бөлініп жатыр. Тіпті бұл Елбасының тікелей назарында ұсталған мәселе десе де болады. Мәселен, Астаналық жасыл көгал алаңының аумағы миллиондаған шаршы метрмен есептеледі. Елорданы жасыл желекпен қаумалату, айнала орман өсіру жұмысы жалғасуда. 2020 жылға дейін қала ішіндегі және елорда маңындағы жалпы көлемі 100 мың гектар аумақ жасылдандырылатын болады. Президенттің дәл осы Астана айналасындағы «жасыл белдеуді» Шортанды-Бурабай аймағының орманына ұластырып, біртұтас орманды алапқа айналдыру туралы бастамасы да батыл қадам.

Тұтастай алсақ, Елбасы айтпақшы «Астана - халықты Қазақстанның өсіп-өркендеуінің және әлемге танылуының жаңа биіктеріне бастайтын бүкілқазақстандық, жалпыұлттық идея». Мұндай идея Мәңгілік Елдің мәуелі міндеттерімен ұштаса түскені игі.

Ендеше сөз соңында жалпыұлттық мерекеге айналып отырған Елорда тойы Астана мәртебесін асқақтата түссін деп тілейік!