«Астана» Қазақстан кубогының алдын ала кезеңіндегі екі турға қатыспайды
АСТАНА. KAZINFORM - «Астана» шағын футбол клубы Қазақстан футбол федерациясына 2026/2027 жылғы маусымдағы футзалдан Қазақстан кубогының алдын ала кезеңінің 2 және 3 турларындағы матчтарға қатыспайтынын хабарлады. Қазақстан футбол федерациясының сайтынан мәлім болды.
Мұндай шешім команданың қазіргі қаржылық жағдайына және аталған матчтарға қатысуға қажетті шығындарды қамтамасыз ету мүмкіндігінің болмауына байланысты қабылданған.
Сонымен қатар «Астана» басшылығы команданың 2026/2027 жылғы маусымдағы футзалдан Қазақстан чемпионатының Суперлигасына қатысатынын растады.
-Клуб қазіргі уақытта қаржылық жағдайды тұрақтандыру және туындаған мәселелерді шешу үшін қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. «Астана» басшылығы жақын арада қаржылық мәселелерді реттеп, команданың алдағы Суперлига чемпионатына толыққанды қатысуын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр,-делінген хабарламада.
Қазақстан кубогының алдын ала кезеңінің 2 және 3 турларындағы матчтарға қатысудан бас тартудың құқықтық салдары, сондай-ақ өтпей қалған кездесулердің нәтижелері мәселесі қолданыстағы регламенттер мен тәртіптік нормаларға сәйкес ҚФФ Бақылау-тәртіптік және әдеп комитетінің қарауына ұсынылады.
Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді ҚФФ Бақылау-тәртіптік және әдеп комитеті барлық мән-жайды қарағаннан кейін қабылдайды.
Осыған дейін Қазақстан футзал құрамасы FIFA рейтингінде қай орында тұрғанын жаздық.