Астана – Көкшетау – Петропавл автожолының учаскесінде қозғалысқа шектеу енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ҰК» республикалық маңызы бар «Астана — Көкшетау (айналма жол арқылы) — Петропавл — Ресей Федерациясының шекарасы (Жаңа жол өткізу пункті)» автомобиль жолының учаскесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілетінін хабарлайды.
— Шектеу 473 — 483 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 2026 жылғы 2 маусым сағат 04:00–ден бастап күшіне енеді.
Жөндеу жұмыстары кезеңінде 0-2,5 шақырым аралығында, яғни Петропавл қаласындағы «Оңтүстік» жол-патрульдік полиция бекетінен Жұмысшы кентіндегі Керуен көшесіне дейінгі учаскеде барлық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылады, — делінген хабарламада.
Жеңіл автокөліктердің қозғалысы жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін Петропавл қаласы арқылы ұйымдастырылатын балама бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
Жүк көліктері үшін келесі автомобиль жолдары арқылы айналма бағыт қарастырылған:
— KZ15-02 «Петерфельд — Архангельск — Новокаменка — „Жезқазған — Арқалық — Петропавл“ автожолы», 0 — 30,519 шқ;
— KAZ13 «Жезқазған — Арқалық — Петропавл», 938 — 946 шқ.
Қозғалысты қайта ашу 2026 жылғы 3 маусым сағат 04:00–ге жоспарланған.
— «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерден уақытша енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауды, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды, жол жүру уақытының ұзаруы мүмкін екенін ескеруді, уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауды, белгіленген жылдамдық режимін ұстануды және жол қозғалысы ережелерін қатаң орындауды сұрайды, — делінген хабарламада.
Еске салсақ ҚазАвтоЖол Шымкент — Өзбекстан автожолында жылдамдықты төмендетуге кеңес берген еді.