Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Астана» Конференция лигасын жеңіспен бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан UEFA Чепиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде қазақстандық «Астана» сырт алаңда Албанияның «Динамо Сити» командасымен кездесті.

«Астана» Конференция лигасын жеңіспен бастады
Фото: «Астана» футбол клубы

Кездесу барысында қос команда жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеген еді. Дегенмен олар діттеген мақсатына жеткен жоқ. Бірінші кезеңде қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмады.

Екінші кезеңде қазақстандық команда шабуыл шебінде көбірек бой көрсетті. Нәтижесінде ойынның 69-минутында әріптесі Марион Томасовтың берген пасын Рамазан Каримов голға айналдырды.

Осылайша «Астана» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Енді қарымта кездесу 16 шілдеде елордада өткізіледі.

Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық «Елімай» (Семей) Конференция лигасы бірінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Арменияның «Алашкерт» командасымен 1:1 есебімен тең түсті.

Сондай-ақ қостанайлық клуб Конференция лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастайды.

Қарсыласы — Литваның «Паневежис» клубы.

Ал бұдан бұрын алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы 2026/27 маусымының бірінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчында Черногорияның «Сутьеска» клубын 2:1 есебімен жеңді.