Астана күні - елдігімізді ұлықтайтын ерекше мерекеге айналды

Жалпы, Астана күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Бұлай дейтін себебіміз, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру - бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Танымдық тұрғысын сөз ететін болсақ, елордамызды Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайттық, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырттық. Тамыры сан мыңдаған жылдардан сыр шертетін туған тарихымызды білдік, төл мәдениетімізді таныдық, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерлеріміздің қайнар бұлағын қайта аштық. Тәрбиелік тұрғысы жайлы толғасақ, Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы біздер еліміздің келешегі - жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, қанына патриоттық сезімдерді сіңірудеміз. Осылардың барлығы бір арнаға тоғыса келе, ұлтты ұйыстыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет етіп жатыр.
Былтыр Астананың 10 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізіп, елдігімізді, өрлігімізді барша әлемге бір паш еткен едік. Биыл міне 11 жылдығын да айрықша салтанатпен атап өттік. Тарих үшін 11 жыл қас-қағым сәт. Алайда осындай қысқа мерзімде құла даладан құбылаға бет түзеген, сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандыратын елордамызды тұрғыздық. Елорда Тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегіне айналды. Астана біздің еліміздің күш-қуатын әлемге танытқан қасиетті орда болды.
Астана күні қарсаңында елордада халықаралық деңгейдегі маңызы жоғары екі бірдей шара өтті. Оның бірі - Еуро-атлантикалық әріптестік кеңесінің Қауіпсіздік форумы. Екіншісі - Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының III съезі. Ұлттық рухымызды асқақтататын Тәуелсіздік сарайында болған бұл жиындардың қай-қайсысы болмасын, Астананың Еуразия кеңістігіндегі маңызды саяси, экономикалық орталыққа айналған жазиралы шаһар екенін дүниеге тағы бір паш етті. Бұл басқосуларға келген тіс қаққан саясаткерлер, мықты экономистер, әлемге танымал қоғам қайраткерлері, дінбасылары Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылығын тағы да растап, Астананың барша адамзаттың игілігі үшін жасап жатқан дүниелерін жоғары бағалады.
Өткен бір жылдың ішінде Астанада көп дүние өзгерді. Қарапайым тілмен айтқанда, былтырғы Астананы биылғы Астанамен әсте салыстыра алмайсыз. Осы бір жылдың ішінде елордада бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі әкімшілік ғимараттар, тұрғын үй кешендері, өзге де инфрақұрылымдық нысандар бой көтерді. Бір сөзбен айтқанда, Астана 11 жылдығын ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктермен қарсы алды. Мәселен, қала күнінің қарсаңында мұнда бірталай нысандар іске қосылып, пайдалануға берілді. Олардың ішінде Локомотив құрастыратын жаңа зауыт, 30 мың адамға арналған төбесі жабық стадион, жетім балалар білім алатын мамандандырылған кәсіби-техникалық лицей, Республикалық жедел медициналық көмек көрсететін ғылыми-зерттеу орталығы, бірнеше ірі кеңселер, сауда орталықтары, қызмет көрсету және көліктік инфрақұрылым нысандары бар.
Бұлардың басым көпшілігінің ашылуына Елбасы қатысты. Қарап отырсақ, бұл нысандардың әрқайсының ел экономикасын өрге сүйреуде, оның ішінде Астананы дамытуда өзіндік орындары бар. Мәселен, Локомотив құрастыратын зауытты алайық. Бұл нысанның индустриялық-инновациялық дамуға ден қойған еліміз үшін маңызы зор десе болады. Бұл - Қазақстандағы тепловоз шығаратын тұңғыш зауыт. Тепловоздарды осы салада әлемдегі жетекші компания - «Genaral Electric» компаниясымен бірге шығаратын боламыз. Жалпы Қазақстан экономикасын өрге сүйреуде темір жол саласының алатын орны айрықша. Еліміздегі жүктердің 70 пайызы теміржол арқылы тасымалданатынын ескерсек, бұл зауыттың экономика үшін қаншалықты қажет екенін аңғарамыз. Зауыттың ашылу рәсімінде Президент: «Зауыт жылына 150 тепловоз шығаратын болады. Сөйтіп, біз Қазақстанның бүкіл темір жол жүйесін жаңартамыз. Бұл зауыт Қазақстанды индустрияландыру бағдарламасының алғашқы қарлығаштарының бірі», - деді. Атап өтерлігі, зауыттың өнімі Қазақстанның тепловозға деген сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, болашақта таяу және алыс шетелдерге шығарылатын болады.
Ал технологияның соңғы жетістіктеріне сай салынған төбесі жабық стадион Астананың 11 жылдығында елордалықтарға, жалпы қазақстандықтарға тартылған тамаша тарту болды. ТМД елдерінде теңдесі жоқ, әлемде баламасы некен-саяқ бұл стадион қазіргі заманның талаптарына сай салынған. Төбесі небәрі 20 минөттің ішінде ашылып-жабылатын осы спорттық нысан маусымның төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істей береді. Оның ішінде футбол ойынынан бөлек, спорттың күрес, бокс, спорттық гимнастика, дзюдо, каратэ сынды түрлерінен жарыстар өткізетін арнайы ғимараттар бар. 2011 жылы Қазақстанда өтетін жетінші қысқы Азия ойындарының ашылу мен жабылу рәсімдері дәл осы стадионда өтетін болады.
Мемлекет басшысының алдыға қойып отырған міндеттерінің бірі - таяу уақытта Астананы медициналық орталыққа айналдыру. Бұл ретте 2010-шы жылға дейін Астанада инфрақұрылымы дамыған медициналық қызмет көрсетудің толыққанды кластерін құру жұмысы табысты іске асырылуда. Мәселен, былтыр қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен жабдықталған Ана мен бала ғылыми зерттеу орталығы және Респуликалық балаларды сауықтыратын орталық іске қосылған болатын. Астана күні қарсаңында биыл Жедел медициналық көмек көрсететін ғылыми зерттеу орталығы пайдалануға берілді. Келешекте республикалық деңгейдегі кардиологиялық, нейрохирургиялық, сондай-ақ диагностикалық орталықтарды іске қосу көзделіп отыр. Бұлардың барлығы мемлекеттің, ұлттың келешегі, ұрпақтың бақыты үшін, салауатты өмір салтын қалыптастырып, жанына дауа, дертіне шипа іздеген жандарға көмектесу үшін жасалып жатқан игі шаруалар.
Астананың 11 жылдығы халықтың есінде сақталатындай, ұлттық рухты дәріптейтін, ұлағатты өнегесі мол іс-шараларға толы болды. Қаланың маңызды орындарында мерекеге арналған шаралар ұйымдастырылып, халықтың шат-шадыман көңілмен қыдыруларына, көңіл көтерулеріне жағдай жасалды. Айтпақшы, Астананың 11 жылдығына құрметті қонақ ретінде қатысқан тенор дауысты испандық опера әншісі Пласидо Доминго Тәуелсіздік сарайында қазақ тілінде ұлы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін шырқап, қазақ өнеріне деген айрықша ықыласын ыстық сезімімен білдірді.
Астана күніне арналған басты шара Қазақ елі монументінің алдында өтті. Салтанатты шарада сөз сөйлеген Елбасы Астана күні қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық мерекеге айналғанын, Астана Орталық Азиядағы маңызды экономикалық өңірге айналғанын, Астана халқымыз үшін қасиетті саналатын негізгі құндылықтарды сақтаушы болып табылатынын атап көрсетті. Елбасы бабаларымыз ғасырлар бойы қорғаштап, сақтаған қасиетті туған жерімізді бірінші құндылығымыз, Тәуелсіздігіміз бен азаттығымызды екінші құндылығымыз, халқымыздың бірлігі, туған Отанымызды өркендету жолындағы бейбітшілік пен келісім үшінші құндылығымыз екенін айта келе: «Астана біздер үшін қасиетті саналатын осы құндылықтарды сақтаушы болып табылады. Біз 11 жылдың ішінде иен далада жаңа қала тұрғызып, іс жүзінде мүмкін емес дүниелерді атқара алдық. Олай болса, біз кез келген қиын міндеттерді мойымай атқара аламыз. Біз барлығымыз бірге елордамызды бұдан да күшті етіп, гүлдендіре аламыз», - деді Мемлекет басшысы.
Осылайша елордамыз Астананың 11 жылдығы жоғары деңгейде өткізілді. Астана бұл күнде тек елордалықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышына, сүйікті қаласына айналды. Сәулеті мен сәнін естіген адам бір көруге ынтық болып жүрген дүниежүзілік шаһарлардың деңгейіне жетті.