«Астана LRT» ісі: Бірнеше тұлғаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды
«Р. М. Аманжолов және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының іс жүргізуіне қабылданды», - делінген елорда сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Аталған қылмыстық іске қатысты алдын ала тыңдау 2022 жылғы 24 тамыз сағат 10:00-ға белгіленген.
Еске салсақ, елордадағы LRT-ның құрылысы 2019 жылы сәуірде тоқтатылған еді.
2020 жылдың қаңтарында LRT құрылысына қатысты істі тергеу шаралары аяқталды.
Сол жылы қазанда «Астана LRT» компаниясы бойынша іс сот қарауына жолданды.
Сондай-ақ, биыл 13 тамызда Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» ЖШС Басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты қылмыстық істі сотқа жолданғаны туралы хабарлады.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 11 қаңтарда өткен Мәжіліс отырысында елордадағы LRT құрылысы туралы пікір білдірген еді.
«Көпшілікті, әсіресе елорда тұрғындарын ашуландыратын тағы бір мәселе – ЛРТ құрылысы болып отыр. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Сонымен қатар, бұл сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба», - деген еді Президент.