Астана мектептерінде ата-аналарға арналған кітап оқу бұрыштары ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Темірбек Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейінде ата-аналарға арналған кітап оқу бұрыштары ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана мектептерінде ата-аналарға арналған кітап оқу бұрыштары ашылды
Фото: Астана әкімдігі

Кітап бұрыштары, негізінен, балаларын мектептен алып кетуге келген кезде күтіп отыратын ата-аналарға ыңғайлы орындарға орналастырылған.

Енді ата-аналар баласын күту уақытын телефонға үңілумен өткізбей, кітап оқуға арнай алады.

Астана мектептерінде ата-аналарға арналған кітап оқу бұрыштары ашылды
Фото: Астана әкімдігі

Кітап сөрелерінен бала психологиясы, тәрбие, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас және отбасы құндылықтарына арналған әдебиеттерді кездестіруге болады.

— Жоба арқылы мектеп ұжымы ата-аналарды кітап оқуға ынталандырып қана қоймай, балаларға жеке үлгі көрсетудің маңыздылығына да назар аударуды көздейді. Себебі бала үшін кітап оқитын ата-ана – ең жақсы үлгінің бірі, — делінген хабарламада.

Астана мектептерінде ата-аналарға арналған кітап оқу бұрыштары ашылды
Фото: Астана әкімдігі

Бұған дейін 7 мыңға жуық кітап оқыған елордалық зейнеткер жастарға кеңес бергенін жазған едік.