Астана мен Алматының қай аудандарында баспана сатып алуға сұраныс жоғары

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Елдегі танымал жылжымайтын мүлік платформасының сату бөлімінің басшысы Имран Османов Алматы мен Астанада үй сатып алуға сұраныс жоғары аудандарды атады. 

Тұрғын үй
Фото: Pixabay.com

Риэлторлардың XVI съезінде krisha.kz сату бөлімінің басшысы Имран Османов сатып алушылардың қалауы жыл өткен сайын өзгеретінін атап өтті.

Спикердің сөзінше, уақыт бір орнында тұрмайды, заманауи сатып алушы дамып келеді. Кеше өзекті болған нәрсе бүгінде нарық талаптарына жауап бермеуі мүмкін. Қазір сатып алушылардың 41 шаршы метрден 68 шаршы метрге дейін бір және екі бөлмелі пәтерге қызығушылығы артты. Талдау 2024 жылдың 1 қазанынан 2025 жылдың 31 наурызына дейінгі кезеңдегі деректерге негізделген. 

– Орташа алғанда, жылжымайтын мүлік платформамызда 78,5 күн тұрады. Бұл өте жақсы көрсеткіш – пәтерді сатуға орта есеппен екі жарым айдан сәл астам уақыт қажет, - деді Османов. 

Баспана сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие аудан 

Сарапшының айтуынша, Алматыда үй сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие – Бостандық ауданы. Әуезов ауданына да қызығушылық бар. Әсіресе, Абай мен Алтынсарин даңғылы қиылысатын аумақта.

Бағасына келетін болсақ, көбінесе сатып алушылар пәтерді 25- 46,7 млн теңге аралығындағы сомаға қарастырады. Сондай-ақ құны 25-35 млн теңге аралығындағы жаңа құрылысқа да тұрақты сұраныс бар.

– Алайда тұрғын үй бағасы көтерілген сайын осы баға санаттарындағы қолжетімді жылжымайтын мүлік саны бірте-бірте азайып келеді, - деп қосты ол.

Сондай-ақ Имран Османов Алматыда Наурызбай ауданына қызығушылықтың артып келе жатқанын тілге тиек етті. Бұл ең алдымен тұрғын үй нарығындағы қолжетімді ұсыныстарға байланысты. Әсіресе «Шұғыла» шағын ауданы сұранысқа ие, мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілген пәтерлерді 20-40 млн теңге аралығында сатып алуға болады. Қосымша артықшылығы көлік инфрақұрылымының дамыуы – ауданда жаңа метро желісі салынып жатыр.

Сонымен қатар Сәтбаев пен Тұрғыт Озал, Абай және Тұрғыт Озал көшелерінің қиылысындағы аудандарда, Розыбақиев көшесіндегі MEGA сауда орталығының жанында орналасқан пәтерлерге тұрақты сұраныс бар – бұл аймақ ыңғайлы орналасуымен және дамыған инфрақұрылымымен тартымды.

Ел Астанасына келетін болсақ, сарапшының айтуынша, жаңа теміржол вокзалының айналасы қарқынды дамып келеді. Мұнда сатып алушылардың санаттарына бағытталған жаңа құрылыс көп. Одан бөлек «Хан Шатыр» сауда орталығының артында орналасқан Жағалау ауданына да қызығушылық жоғары, мұнда комфорт-плюс және бизнес-класс сегменттерінде 25 млн теңгеден басталады. Ботаникалық бақ аймағыда сұранысқа ие.

Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко жылжымайтын мүліктің нарықтық бағасы жарнамалар санына немесе сатушылар мәлімдеген сомаға байланысты қалыптаспайтынын баса айтты.

– Тұрғын үй бағасы көп жағдайда мемлекеттік қолдауға байланысты. Оған Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорынан жинақталған зейнетақы қаражатын жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдалануға рұқсат берілген кездегі бағаның шарықтап кетуі жарқын мысал. Бұл қадам нарықты айтарлықтай өзгертті, - деп еске алды ол.

Сарапшының айтуынша, қазір тұрғын үй нарығы тұрақты.

– Қазір бағаның өсуін көріп отырған жоқпыз. Жасалған мәмілелер саны өткен жылдың деңгейінде қалды. Қайталама нарықтағы баға төмендеді. Жалға берілентін баспана бағасы да өскен жоқ, - атап өтті Лукьяненко.

Ұлттық статистика бюросы жариялаған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың наурыз айында Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығында әртүрлі үрдіс байқалды. Осылайша, бір айда жаңа тұрғын үй құны 0,6%-ға өссе, қолданыстағы тұрғын үй бағасы 1,4%-ға артты. Бұл ретте жиһазы бар пәтерлерді жалға алу, керісінше, орташа есеппен 1%-ға төмендегенін көрсетті. 

Жаңа Салық кодексінің жобасына сәйкес, елдегі банктерге корпоративтік табыс салығын 25 пайызға дейін көтеру ұсынылып отыр. Бұл ипотека құнына қалай әсер ететіні турвлы сарапшылар айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар