Астана мен Алматыда жұмыссыз әйелдерді жаңа мамандықтарға баулу жобасы іске қосылды

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін Астанада жұмыссыз әйелдерді жаңа мамандықтарға даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі «Шеврон» компаниясы мен Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының бірлескен жобасы іске қосылды,

Астана мен Алматыда жұмыссыз әйелдерді жаңа мамандықтарға баулу жобасы іске қосылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы «Шеврон» компаниясының демеушілігімен, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен аталмыш жобаны Алматы мен Астана қалаларында іске асырады. Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаеваның сөзіне қарағанда, жоба басында ең қажетті мамандықтарды анықтау бойынша арнайы зерттеу жүргізілген. Мониторинг көрсеткеніндей, мұндай мамандықтардың қатарында наубайшы, кондитер, даяшы, тәрбиеші, тігінші, шаштараз болған. Қазіргі уақытта алғашқы топтар тәрбиеші, үй жинаушы, аспазшы-кондитер, даяшы кәсіптеріне оқытылуда. Жаңа мамандар қауымдастықтың іскер-әріптестерінің өндірісінде жұмысқа тартылатын болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бұндай оңды шарасының қажеттілігіне тоқтала келе, «Дағдарысқа қарсы бағдарламаның басты міндеті - жаппай жұмыссыздықты болдырмау» екендігін атап көрсетті. «Бүгінгі қиын жағдайда халықтың төлемгерлік қабілетін жұмыспен қамту арқылы арттыру мәселесі туындап отыр. Елде жұмыссыздық 7,1 пайызға жетті. Оны төмендетуге тек мемлекеттің ғана емес, ҮЕҰ мен бизнестің де қатысуы аса қажетті»,- деді Г. Әбдіхалықова.