Астана мен Алматыдағы жылжымайтын мүлік бағасы доллармен есептегенде 20 пайызға арзандайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Астана мен Алматыда жылжымайтын мүліктің долларлық бағасы биылғы жылдың соңына қарай 20 пайызға арзандайды. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» агенттігіне kn.kz сараптамалық қызметінің жеткшісі Анна Шацкая мәлім етті.

Астана мен Алматыдағы жылжымайтын мүлік бағасы доллармен есептегенде 20 пайызға арзандайды

«Біздің болжауымызша, биылғы жылдың соңына дейін жылжымайтын мүліктің долларлық бағасы - 15-20 пайызға арзандайды. Долларлық бағаның түсуі теңге бағамының әлсіреуі мен мұнай бағасының төмендеуіне байланысты болып отыр.  

Теңге бойынша есептеген бағаға келер болсақ, соңғы екі жыл ішінде бағаның девальвацияға дейінгі деңгейге оралғаны байқалады. Қазір, теңгемен есептегендегі баға 2015 жылдың маусым-шілде кезіндегі деңгейге түсті», - деді Анна Шацкая.

Қазіргі таңда қайталама нарықта баға мына төмендегідей деңгейде қалыптасты: Алматыда тұрғын үйдің шаршы метрі - 1126 доллар (396,4 мың теңге), ал Астанада - 1067 доллар (376 мың теңге).

«Әдетте оқу жылы басталысымен жалға берілетін тұрғын үй 15-20 пайызға өседі. Алайда, дағдарыс кезінде жылжымайтын мүлік сатушылардың жалға берілетін баспана сегментіне өтуіне және жалға берілетін баспаналарды ұсынушылар қатары артуына байланысты баға қымбаттайды деп ойламаймыз», - деді  сарапшы.

Сонымен қатар, сарапшы сатылу нарығында 1-2 бөлмелі эконом-сыныпты пәтерлерге деген сұраныс қашанда сақталатындығын атап өтті. 

«Қазір, жалға берілетін тұрғын үй нарығында бір бөлмелелі пәтермен қатар, көп бөлмелі пәтерлерге сұраныс артып жатыр. Оларды адамдар бірлесіп алады. Өйткені, көп бөлмелі пәтердің 1 шаршы метрінің бағасы бір бөлмелі пәтердің 1 шаршы метріне қарағанда арзан. Сондықтан да олар сұранысқа ие», - деді ол.