Астана мен Ашхабад өңірлік тұрақтылықты нығайтуға зор үлес қосады – Мұрат Нұртілеу
Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Түрікменстанға бірінші ресми сапарымен барды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Ашхабаттан

Мұрат Нұртілеу сапар аясында Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары –Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен шағын, одан кейін кеңейтілген құрамда келіссөз өткізіп, екі елдің арасындағы барлық салаға қатысты мәселелерді талқыға салды.
«Түрікменстан біз үшін маңызды стратегиялық серіктес, өте жақын бауырлас ел. Бізді сан ғасырлық достық дәнекері, тату көршілік дәстүрі мен біртұтас тарихи тамырластық байланыстырып тұр. Осы айда елдеріміздің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 31 жыл толды. Ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде біз барлық бағытта айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Салмақты шарттық-құқықтық база қалыптасып, құрлық пен теңіздегі шекарамызды рәсімдеу толығымен аяқталды», – деп атап өтті Қазақстан Сыртқы істер министрі кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында.
М.Нұртілеудің атап өтуінше, өткен жылы екі елдің арасында рәсімделген 2022-2024 жылдарға арналған екіжақты ынтымақтастық жөніндегі кешенді жоспар рет-ретімен жүзеге асырылып келеді. Экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық қазақ-түрікмен комиссиясының жұмысы да оң өрби түсуде.
«Өзара сауда көлемінің артуын, көлік пен транзит саласындағы ынтымақтастықтың дамуын, бизнес байланыстардың жандануын бірлескен жұмыстың маңызды нәтижесі деп санаймыз. 2022 жылдың қорытындысында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 72 пайызға артып, 440 млн долларға жуықтады. Биыл да оң динамика сақталып отыр. 8 айдағы өзара сауда көлемі 34 пайызға өсті. Транзиттік-көлік ынтымақтастығы дәстүрлі түрде өзара іс-қимылымыздың локомотиві болып қала береді. Мол резервке ие «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жол магистралі – біздің ортақ байлығымыз саналады.
Ынтымақтастығымызды одан ары кеңейту үшін өткен жылы Көлік, транзит және логистиканы дамыту жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Энергетика саласында да айтарлықтай әлеует бар. Қазақстан аумағы арқылы Қытай бағытына түрікмен газы тұрақты жеткіліп жатыр. Мұнан бөлек, Түрікменстаннан табиғи газды Қазақстанның ішкі нарығына жеткізу бойынша өзара іс-қимылдың табысты тәжірибесі бар», – деді Мұрат Нұртілеу.
Сыртқы істер министрі қазақ пен түрікмен диаспорасы достықтың «алтын көпірі» саналатынын да ерекше атап өтті.
«Екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейі мемлекеттеріміздің халықаралық аренадағы тығыз өзара іс-қимылынан да байқалады. Мұны көпжақты құрылымдар аясындағы өзара қолдау да дәлелдейді. Астана мен Ашхабад өңірлік тұрақтылықты нығайтуға зор үлес қосады», – деді ол.
Өз кезегінде Түрікменстан Сыртқы істер министрі шақыртуын қабыл алып, ресми сапармен келген қазақ әріптесіне шынайы ризашылығын білдірді.
«Біз бұл кездесуді екіжақты байланысты одан ары кеңейту және нығайту үшін мол мүмкіндік ретінде қарастырамыз. Екіжақты байланыстың қарқыны өте жоғары екендігін де атап өткім келеді. Оны жоғары мемлекеттік деңгейдегі ашық, достық диалогтан-ақ байқап отырмыз», – Рашид Мередов.
Келіссөздер қорытындысында Мұрат Нұртілеу мен Рашид Мередов Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен Түрікменстан Сыртқы істер министрілігі арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.
Мұрат Нұртілеу сапар аясында Түрікменстанның Тәуелсіздік монументіне гүл қою рәсіміне қатысты.