Астана мен Бурабайдың арасында шағын чартерлер қатынауы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрінің орынбасары Талғат Ластаев Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Астана-Бурабай бағытында әуе қатынасы орнайтыны туралы мәліметіне пікір білдірді.

Воздушное судно
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Ақмола облысы туралы айтсақ, ондай мәлімдемені баспасөзден көрдік. Әңгіме тапсырыс бойынша қатынайтын чартерлік маршруттар туралы болған еді. Астана мен Бурабай арасында шағын әуе кемелері ұшуы мүмкін. Ондай мүмкіндік бар. Институционалдық тұрғыдан ешқандай проблема жоқ. Әуе кемелері де бар. Ондай маршруттар пайда болады деп ойлаймын, — деді Талғат Ластаев.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ішкі авиация рейстерін дамыту бюджеттен бөлінетін дотацияға тікелей тәуелді екенін айтты.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Біздегі ішкі рейстердің жылдық саны 821-ге жуықтайды. Бұл рейстерді сақтау арқылы өңірлерді Алматымен, Астанамен байланыстырып отырмыз. Ал облыстардың өз арасында әуе қатынасын дамыту мәселесін айтсақ, мысалы, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әкімдері өзара рейс ашпақшы. Ол рейстер халық қалтасына ауыр болмау үшін бір рейске шамамен жылына 400 млн теңге дотация керек. Кез келген облыс пен облыс арасындағы ішкі рейске 300-400 млн теңге дотация керек, — деді ведомство басшысы.

Бұған дейін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Астанамен тікелей қатынас орнату үшін шағын әуежай ашу мәселесі пысықталып жатқанын айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар