Астана мен Индонезияның болашақ астанасы Нусантара – бауырлас қала

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана мен Индонезияның болашақ астанасы Нусантара бауырлас қалалар атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: t.me/aqorda_resmi

Астанада өтіп жатқан бауырлас қалалар форумы барысында Индонезияның болашақ астанасы Нусантара әкімшілігі басшысы Бамбанг Сусантоно мен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Оған сәйкес астаналар егіз қалаларға айналды.

«Жеңіс Қасымбек мырза екеуміз ынтымақтастық үшін Астана мен Нусантара арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық. Ынтымақтастық меморандумы Астана мен Нусантара тұрғындары арасындағы экономикалық дамуға көмектесіп, екіжақты қарым-қатынасты дамыту үшін білім, тәжірибе алмасу алаңы болады. Бұл екі қала мен екі елдің одан әрі дами түсуіне мүмкіндік береді», - деді Бамбанг Сусантоно астананың 25 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқан бауырлас қалалар форумында.

Сондай-ақ индонезиялық мейман Астана бауырлас қалалар форумның екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытудағы маңызын атады.

«Бүгінгі іс-шара өзара қарым-қатынасымызды дамытуға арналған. Мен Қазақстан Президентіне бұл тарихи өзгерістердің жаңа дәуірі екенін түсінгені үшін алғыс айтқым келеді. Өйткені қазір әлемде түрлі сын-қатерлер болып, қалалар қиындықтарға тап болып жатқанын көріп отырмыз», - дейді ол.

Айта кетсек, Нусантара – Индонезияда салынып жатқан қала. Ел астанасын Джакартадан көшіру жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар