«Астана Опера» «Театрдың өмірге келуі» атты үлкен гала-концерт өткізеді

Әсерлі бейне пайдаланылатын театрландырылған шоу көрерменді әлемнің пайда болған шағына жетелеп, бүгінгі күнге қайта әкеледі. Көрермен жаңа үлгіде дүниеге келген әлемдік музыкалық театр жауһарларымен танысады. Бұл күні әлемге әйгілі классикалық шығармалармен қатар бұған дейін Қазақстанда ешқашан орындалмаған музыка шырқалады. «Біз өмірге келген театрды көрсетеміз және осы оқиғаның куәсі болып табыламыз», - дейді «АСТАНА ОПЕРА» театры опералық труппасының көркемдік жетекшісі, Татарстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері Гөзел Хайбулина.
Сондай-ақ кеш бағдарламасында ұлттық репертуардан да шығармалар орындалады.
Концертте театрдың шығармашылық элитасы өнер көрсетеді. Олар: Медет Шотабай, Жаннат Бақтай, Айгүл Ниязова, Әлфия Кәрімова, Гүлзат Дауырбаева, Дина Хамзина, Талғат Мұсабаев, Сүндет Байғожин және басқалары.
Сонымен қатар гала-концертке театрдың үздік спектакльдерінің жарқын көріністерінен бірегей балет шоуын әзірлеген «Астана Опера» балетінің жұлдыздары қатысады.
Кеш бойы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың басқаруымен «АСТАНА ОПЕРА» симфониялық оркестрінің орындауындағы музыка орындалады.