«Астана Опера» театрында Барсег Туманянның жеке концерті өтеді
«Барсег Туманян шақырады» концерті - әлемнің көптеген қалаларының сахнасында жеке концерті өткен әйгілі әртісті барлық қырынан ашып, таныстырады. Классикалық опера музыкасын бағалаушыларға вокалдық музыканың түрлі жанрлары мен бағыттарынан тұратын туындылардың кең ауқымы паш етіледі.
«Бұл концерт - Г.Ф. Гендель, Ф. Шуберт, В.А. Моцарт, Дж. Верди, С.В. Рахманинов, П.И. Чайковский сияқты әлемдік классиктердің, сондай-ақ бүгінгі американдық композиторлардың туындыларының жиынтығынан тұратын өзінше бір музыкалық «топтама/шоғыр»», - дейді «Астана Опера» театрының жетекші солисті Барсег Туманян.
«Тыңдарман мол әсер мен көтеріңкі көңіл-күйге бөленеді. Бұл кеште қайғылы, лирикалық, махаббат жайлы, философиялық және тіпті әзәзіл жайында туындылар ұсынылады. Іріктелген бағдарлама әртістің ішкі әлемі жайлы сыр шертеді. Концерттік бағдарлама жанрының әралуандығы орындаушының жан-жақтылығын, шығармашылық мүмкіндігінің зор екенін көрсетеді», - дейді концертмейтер Долорес Үмбетәлиева.
Әлемдік деңгейдегі бас дауысының иесі Барсег Туманян елордалық театрдағы жұмысынан алған әсерлерін ортаға салды: «Бұл менің Қазақстанда алғаш жұмыс істеуім. Бұған дейін көптеген әйгілі де, соншалықты аты шықпаған әлем театрларында да өнер көрсеттім. «Астана Операның» күш-қуаты мен жұмысқа деген ынтасы зор тамаша жас хоры, ғажап ойнайтын оркестрі бар. Мұнда шығармашылықпен айналысуға жақсы жағдай жасалған. Қазақстандық музыка сүйер қауымға өзімнің бірінші жеке концертімді ұсыну мен үшін үлкен құрмет және жоғары жауапкершілік».
Фортепиано партиясын «Астана Опера» театрының концертмейстері, халықаралық конкурстардың дипломанты Долорес Үмбетәлиева орындайды.
Сондай-ақ осы күні Венецияда қазіргі өнердің Биеннале медалін иеленген суретші Наира Туманянның еңбектерінің көрмесі өтеді. Топтама «Астана» деп аталады.
Концерт екі бөлімнен тұрады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.