«Астана – Павлодар» тасжолында еріген қар суы жолға жайылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы (Қосақ БӨП)» автожолының 117-шақырымында еріген судың жол үстінен өтуі тіркелді.

Петропавлда еріген қар суы басуы мүмкін шағын аудандарда жедел штабтар құрылды
Фото: СҚО әкімдігі

27 наурыз күні сағат 18:36-да анықталған жағдайға сәйкес, су жайылған учаскенің ұзындығы шамамен 50 метр, тереңдігі 15-20 см. Бұл маусымдық су көлемінің артуы мен мұздың жүруіне байланысты қалыптасқан.

- Оқиға жол қызметтерінің бақылауында. Аталған аумаққа «ҚазАвтоЖол» ҰК-ның мердігері – «ҚазАвтоЖолсервис» ЖШС Ақмола облыстық филиалының техникасы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жол төсемін нығайту, қалпына келтіру және су ағынын реттеу мақсатында қорғаныс үйінділерін жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр, - делінген ақпаратта.

Жолдың бұл бөлігінде көлік қозғалысы қалыпты режимде жалғасуда, көлік кептелісі тіркелмеген. Қауіпсіздік үшін ескерту белгілері орнатылып, жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Елді мекендерге қауіп жоқ.

Салдарды жоюға 5 кешенді жол техникасы, 1 автогрейдер және 1 тиегіш тартылған. Жол қызметтері тәулік бойы жұмыс істеп, қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

Айта кетейік, Қостанай облысында жол жабылды.