«Астана-Петропавл» тас жолында 5 адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы жайында толық ақпарат
АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі «Астана-Петропавл» тас жолында 5 адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы жайында толық ақпарат таратты.
Бұған дейін 24 маусым күні Бурабай аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшілік бөліміне «Астана-Петропавл» тас жолында көлік апаты болғандығы жайында хабар түскендігі жарияланған болатын.
Қазіргі уақытта 24 маусым күні сағат 23:05-те Щучье қаласынан 12 шақырым жерде Астана қаласында тұратын 1982 жылғы азамат «Mersedes - E-320» көлігімен Көкшетау бағытында кетіп бара жатып, қашықтықты сақтамау салдарынан алдындағы көлікке соқтығысқандығы белгілі болды. «Mersedes-124» көлігін 1983 жылы дүниеге келген Көкшетау қаласының тұрғыны басқарып келе жатқан. Апат салдарынан салонында 5 адам бар «Mersedes - 124» автомобилі өртенген.
«Mersedes - 124» көлігінің жүргізушісі мерт болды. Оның мүрдесін туыстары танып отыр. Сонымен қатар 1976 жылы дүниеге келген азаматтың денесін жұбайы таныды. Ал сол көлікте болған тағы 3 әйелдің аты-жөндері нақтылануда.
«Mersedes - E-320» көлігінде болған Ресей азаматы Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілген. Сол жақ жамбас сүйегі шығып кеткен ол хирургиялық бөлімшеге жатқызылды.
«Mersedes - E-320 автомобилінің жүргізушісі мен екінші жолаушы зардап шеккен жоқ. Медициналық тексеру актісіне сәйкес көлік жүргізушісінің ішімдік ішкендігі белгілі болып отыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.