Астана — Петропавл тасжолындағы көлік өртінен қаза тапқандар арасында жасөспірім бар
АСТАНА. KAZINFORM — Астана — Петропавл автожолында болған көлік өртінен қаза тапқандардың арасында кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Ал аман қалған адамның денесінің 90 пайызын күйік шалған.
Бұланды ауданының Жаңаталап ауылы маңындағы Астана — Петропавл автожолында болған автокөлік өртіне байланысты полиция тексеру жүргізіп жатыр.
— Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Үш адам қаза тапты. Марқұмдардың жеке басы анықталып жатыр, олардың арасында кәмелетке толмаған жасөспірім де бар. Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, — деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті.
Сонымен қатар Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген жауабында аман қалған адамның жағдайы әлі де өте ауыр делінген.
— Науқас Ақкөл аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Денесінің 90 пайызын күйік шалған. Күйік аумағының өте үлкен болуына байланысты оны басқа медициналық мекемеге тасымалдау әзірге мүмкін емес. Қазір науқаста күйіктік шок бар, — деп жауап берді ведомство.
Бұған дейін Ақмола облысының Бұланды ауданындағы Жаңаталап ауылының маңындағы Астана — Петропавл тасжолында көлік өртенгенін жазғанбыз.