Астана – Петропавл тасжолындағы жол апатынан бір адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Астана – Петропавл автожолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды.

а
Фото: Ақмола облысы ПД

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 3 шілде күні сағат 12:30 шамасында Астана – Петропавл автожолының 217-шақырымында болған.

«Changan және Hyundai көліктерінің соқтығысуы салдарынан бір жолаушы көз жұмды. Сондай-ақ зардап шеккендер бар», – деп хабарлады ведомство.

Полиция қызметкерлері Астана – Петропавл автожолында, әсіресе демалыс күндері көлік қозғалысы күшейетінін атап өтті. Осыған байланысты жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіз арақашықтықты ұстану және мұқият болу жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Ведомствоның мәліметінше, жаңбырлы ауа райында жол тайғақ болып, тежеу қашықтығы ұзарғандықтан, көліктің сырғанау қаупі артады. Қолайсыз ауа райы кезінде жолдың жекелеген учаскелерінде сағатына 50 шақырымнан аспайтын жылдамдық белгіленген.

Жүргізушілерге қауіпсіз арақашықтық сақтап, күрт маневр мен тежелуден аулақ болуға, сондай-ақ қозғалыс жылдамдығын ауа райына қарай таңдауға кеңес берілді.

Айта кетейік, Түркістан облысында жол апатынан бір әулеттің 5 қызы көз жұмды.