Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астана полициясы 24 көлікті аукционда сатпақшы

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Жандос Дәулетов мәслихат депутаттарына жекешлендірілетін нысандар тізбесін таныстырды.

көлік
Фото: ЖИ

- Бүгінгі тыңдауға 83 автокөлік пен арнайы техникалар тізбесі сатылымға шығару ұсынылады. Мемлекеттік мекемелер мен көлік саны слайдта көрсетіліп тұр. Бұл: «Демеу» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – 1 автокөлік, Астана су арналары мекемесінде – 7 автокөлік және 24 арнайы техника. Астана қаласының полиция департаменті – 24 автокөлік, №1 және №2 оңалту орталығында – 2 автокөлік, Балалар мен жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығы – 5 автокөлік, қалалық инфекциялық орталық – 1 автокөлік және де басқа мекемелер. Өздеріңіз көріп отырғандай ескі автокөліктер, - деді Жандос Дәулетов.

Отырыста Алматы ауданының әкімдігінен Сембинов көшесі 1/6 мекенжайында орналасқан жер үйді жекешелендіру туралы түскен хат ұзақ талқыланды.

- Аталған тұрғын үйді өзіміздің балансқа алып, енді жекешелендіруді ұсынып отырмыз. Астана қаласының әкімдігінің 2025 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысына сәйкес аталған объект жер учаскесін іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізуге енгізілген. Алматы ауданының әкімдігінен 164 сауда павильоны жекешелендіру бойынша хат түсті. Бұл павильондар аудан аумағында заңсыз орналасқан болатын. Сот шешіміне сәйкес алынып, аудан әкімдігіне берілген болатын, - деді басқарма басшысы.

Депутаттар Сембинов көшесіндегі жер үйге іргелес нысандардың 80-150 млн теңгеге сатылып жатқанын, ал әкімдік ұсынып отырған 49 млн теңге деген баға нарықтағы шынайы құнынан алшақ екенін айтты. Ақыры аталған үйді аукционға шығармай тұрып, құжаттарын депутаттармен бірге қайта пысықтау туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ меморгандардың активтерін жекешелендіру жол картасы әзірленіп жатыр.