Астана прокуратурасы мемлекетке 9,8 млрд теңге өндіру туралы 11 талап қойды
АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласының прокуратурасы 2026 жылдың басынан бері мемлекетке келтірілген залалды өтеу бойынша жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеге 11 талап қою енгізді, деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметі.
Сотта қаралған істердің бірінде Астана тұрғыны жалған шот-фактуралар жазып бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Тергеу барысында 2021-2022 жылдары сотталған азаматтың өзі басқарған ЖШС атынан нақты жұмыс атқармай және қызмет көрсетпей, жалған электрондық шот-фактуралар жазуды ұйымдастырғаны анықталды.
Соның салдарынан бюджетке тиісті салықтар төленбеген.
Қала прокуратурасы мемлекетке келтірілген залалды өтеу туралы талап қойды. Сот прокурордың талабын қанағаттандырып, сотталған азаматтан мемлекет кірісіне 304 млн теңгеден астам қаражат өндірді.
Прокуратура мәліметінше, мемлекетке келтірілген залалды өтеу прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі саналады. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда.
Осыған дейін прокуратураның 21 мыңнан астам спортшының құқығын қорғағаны туралы жаздық.