Астана Саммиті әлемнің тұрақты дамуына тың серпін беретініне сенімім мол-Мәжіліс депутаты Ж. Дүйсебаев

АНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылы 1-2 желтоқсан күндері Астана қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Саммиті өтеді. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Астана Саммитіне дайындық жоғары деңгейде жүргізілуде. Бұл шараға Қазақстан халқы ерекше назар аударып отыр. Қоғам қайраткерлері, саясаткерлер және қарапайым адамдар да өз пікірлерін білдіріп, мемлекетіміз үшін маңызды

Астана Саммиті әлемнің тұрақты дамуына тың серпін беретініне сенімім мол-Мәжіліс депутаты Ж. Дүйсебаев

басқосудың аса жауапты екенін айтып жүр. ҚазАқпарат тілшісінің берген сұрақтарына орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты Жексенбай Дүйсебаев ойларын ортаға салды.

- Жексенбай Қартабайұлы, міне, санаулы күндерден кейін Астана қаласында ЕҚЫҰ-ның Саммиті өткелі тұр. Осы әлемдік деңгейдегі басқосудан қандай жаңалықтар күтесіз? Саммиттің еліміз үшін және дүниежүзі үшін маңыздылығы қандай? Осы сұрақтар төңірегіндегі ойларыңызды ортаға салсаңыз?

- Алла қаласа, Еуразия кеңістігінің ортасында орналасқан елордамыз - Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммитіне әлем назары аударылып отыр. Саммитке аталған ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары, басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері келеді. Шынымен де, сындарлы сағаттың соғуына санаулы күндер қалды. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» деген қазақ мақалы тегін айтылмаған шығар. Еліміздің және Астананың дайындығы аса жоғары деңгейде жүргізілуде.

Танымал және өте беделді ұйымның Саммиті бізде өтуі мемлекетіміз бен халқымыз үшін - жақсы ниет, игі бастама деп айтуға болады.

ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуі - әлемдік қоғамдастықтың біздің елге, оның ішінде Елбасымызға сенгендігі. Еліміздің басшылығы тұсында дүние жүзі және ұйымға мүше 56 мемлекет не ұтады? Қазақстан өзіне қандай үлгі-өнеге алады? Осындай сұрақ әркімді де толғандыратыны анық. Бұның екі жаққа да тиімді екендігі айқын сезілуде. Біріншіден, біздің алған үлесіміз - елімізді оң қырынан таныту, 19 жылдың ішінде мемлекет болып қалыптасқанымызды көрсету. Екіншіден, әлемге демократиялық жолмен, нарық жағдайында экономикалық-саяси дамығанымызды айқын көрсете аламыз. Өзінің даму жолын таңдап алған еліміз бар екенін, ішкі және сыртқы саясатты көрегендікпен жүргізе алатын Президентіміз бар екенін, досқа құшақ жаятын, адами құндылықтарды жоғары қоятын қазақ халқы бар екенін көрсетеміз. Бізге келген мәртебелі меймандар білім мен ғылымға құштарлығы мол жастарымызды да көріп-біледі. Мұның бәрі бізге үлкен жақсылық алып келеді.

Осындай игілікті істі атқаруға жеткендер де бар, жетпегендер де бар. Біз 20 жылға жуық уақыттың ішінде мұндай ауқымды шараны өткізуге қол жеткіздік. Кейбір мемлекеттер бұған қызғанышпен қарауы мүмкін, енді бірі мақтаныш сезімін білдіруі ықтимал.

- Астана Саммиті Қазақстанның саяси-экономикалық дамуына қаншалықты ықпал етеді деп ойлайсыз?

- Бізге тиетін және бір пайдалы жағы бар. Әлемдегі дәстүрлі нарық бізге дұрыс көзқараспен, сеніммен қарайтын болады. Инвестиция тартуға жаңа көздер ашылады. Бұл бұрынғыдан да өркендей түсетінімізге жол салады. Әлемдегі алпауыт елдер Қазақстан экономикасына өз үлестерін қосады деген сөз. Инвестицияның өзі елдің танымалдығына байланысты келеді. Тек қана Астана қаласына емес, өңірлерге де инвестиция келетін болады. Мәселен, әр елді алуан түрлі өндірістің дамуы қызықтырады. Сондықтан инвестор өз таңдауы бойынша еліміздің өңірлеріндегі өндірістерді жандандыруға қаржы салып, бірлескен кәсіпорындарын ашуына заңдарымыз толық жағдай жасап отыр. Барлық қауіпсіздік шаралары қамтылған. Көп ұлттың өкілдері қоныс тепкен, тату-тәтті өмір сүріп жатқан, Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді татулықты мұрат еткен институттары бар, ұлт пен ұлыстардың мәдени-тарихи құндылықтарын дамытуға жол ашып отырған мемлекетіміз туралы көріп-білгісі келетіндер өте көп. Қашанда шетел азаматтары тұрақты экономикасы бар елімізге үлкен сеніммен келеді.

Бұған дейін де Елбасымыздың қажыр-қайратының арқасында, шетелдермен жүргізген нәтижелі келісімдерінің қорытындысында елімізге инвестиция келді. Бірақ өзге елдің басшыларымен келіссең де, қаржысы мол шетелдік компаниялардың сеніміне кіру оңайға түспейтіні белгілі. Кейбіреулердің «Бұл өзі қандай ел екен, ертеңгі күні қаражатымды қайтарып ала аламын ба?» деген күдіктері де жоқ емес еді. Яғни, бұрынғы жол тарлау болды. Ал енді Қазақстан жан-жақты танылған соң, сауда-экономикалық байланысымыз артады, инвестиция келетін жолымыз кеңейе түседі.

- Сонымен қатар Саммитке көптеген елдердің әйгілі БАҚ өкілдері келетіні күтілуде. Журналистер де Қазақстанның танымал болуына үлес қосады емес пе?

- Иә, осы Самитті әлемге жария ету үшін 1500-ден астам журналистер келеді деп болжанып отыр. Олар Қазақстанның бүгіні мен келешегін, оң қадамдарын әлемге жария етеді.

Менің ойымша, ЕҚЫҰ Саммиті жақсы өтуге тиісті. Ең бастысы, Астана Саммиті әлемнің тұрақты дамуына серпін береді деген сенімім мол. 56 мемлекеттің бірлесе отырып қабылдайтын шешімі дүниежүзіне әсер ететіні анық. Бұрыннан бері қордаланып келген мәселелердің басы ашылуы мүмкін. Оның ішінде Ауғанстан, Таулы Қарабақ, Приднестровье мәселелерінің күн тәртібінен түспей келе жатқаны белгілі. Көршілес, бауырлас еліміз Қырғыз Республикасының саяси-экономикалық қиын жағдайдан шығып кетуінің жолдары да қарастырылуы ықтимал. Астана Саммитінің ең басты мақсаты - даулы мәселелерді шешу, бұған дейін бітіспей, бір-бірімен дүрдараз болып келген елдерді ымыраға келтіру.

- Қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуде, тыныштықты қорғауда Қазақстанның рөлі мен көзқарасы әлемнің азулы елдеріне қаншалықты әсер етуде?

- Татулықтың, ынтымақтың жетістігін әлемге әйгілі етеміз. Оның үстіне Қазақстан Азия мен Еуропаны біріктіретін күш болады. Яғни, еліміз саясат пен экономикада, рухани-мәдени байланыста қос құрлықты жалғастыратын алтын көпір рөлін атқарады.

ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету миссиясының, ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізудің бір-ақ түйіні бар. Ол - әлемнің кейбір аймақтарындағы қақтығыстарды тоқтату, халықтардың тату-тәтті өмір сүруіне алып келу, адамзат байлығы болып табылатын мәдениетімізді дамыту, қырып-жоятын қарулардың барлығына тосқауыл қою, сол арқылы жер жүзінде бейбітшілік орнату. Бұған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген бастамалары арқау бола алады. 1990 жылдардың басында-ақ Семей сынағы аймағын жабу, ядролық қарудан бас тарту, алпауыт елдерді қатерлі қарулардан бас тартуға шақыру секілді Елбасымыздың бастамалары үлкен қолдауға ие болды. Осы ұстанымдарды қазір БҰҰ, ЕҚЫҰ сынды халықаралық беделді ұйымдар арқылы дамытуға қол жеткізілуде.

Осы сөзімнің дәлелі ретінде Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттің халықаралық күні ретінде жариялау туралы қарар қабылдағанын айтар едім.

- ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі Қазақстанның енгізген басты жаңалығы деп қандай қызметін атап өтер едіңіз?

- Қазақстан ЕҚЫҰ-ның оң көзқарасын Азияға бұрып берді. Қазір Азия құрлығындағы елдер туралы Еуропа елдерінің жаңа көзқарасы қалыптасуда. Өйткені бұрын ЕҚЫҰ Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға да тек сын көзбен қарайтын еді. Әсіресе, сайлаулардың нәтижесіне көбірек көңіл бөлетін-ді. Қазір енді көрші елдерге де ЕҚЫҰ-ның оң ықпалын тигізіп отырмыз. Соның ішінде Қырғыз еліне Еуропалық Одақ тарапынан қолдау көрсетілуіне, гуманитарлық көмек берілуіне Қазақстан көп әсер етті. Оның сыртында Қазақстан өзі де қомақты көлемде гуманитарлық көмек көрсетті.

Біздің мәдени-тарихи байлығымызды ұғыну арқылы көршілес Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа елдердің шығу тегін біліп, қалыптасу ортасын анықтап, олардың тұрғындарының жан-дүниесін түсінетін болады.

ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі жинаған тәжірибеміз, Саммит өткізудегі мәртебеміз біздің болашағымызға да үлкен әсері болмақ. Еліміздің саяси-демократиялық дамуына оң ықпал етеді. Осының барлығы өз тәуелсіздігін алған елімізді басқарып келе жатқан біздің Елбасымыздың сарабдал саясатының іске асқанын білдіреді.

Соңғы оншақты жылдың көлемінде Ұйымға төрағалық еткен елдердің бір де біреуі Саммитті өткізе алған жоқ. Құдайға шүкір, біздің еліміздің ынтымағының арқасында, Президентіміздің абыройымен және бастамасымен осыған қол жеткізіп отырмыз. Қазақстан кейбір мемлекеттермен салыстырғанда әлеуеті соншалықты зор болмаса да иығына ауыр жүкті артып отыр. Оны абыроймен атқаратынына сеніміміз мол. Алпауыт елдердің басын біріктіру оңай іс емес.

- Астана Саммиті Сарыарқаның қысына тап келіп тұр. Желтоқсанның басында ауа райы қолайсыз болып, қатты аяз немесе боран тұрып кетсе, маңызды шараның өтуіне нұсқан келмей ме, қалай ойлайсыз?

- Әрине, Елордамыздың ауа райы жақсы болғаны дұрыс. Дегенмен ең басты ауа райы - беделді мемлекеттер басшыларының көңіл-күйлері! Олардың көңіл күйі жақсы болса, Астананың да желтоқсандағы ауа райы дұрыс болады деп есептеймін!

-Рахмет әңгімеңізге.