Астана Саммитіне қатысушылар назарына Маңғыстау мұражайының көрмесі ұсынылмақ

АҚТАУ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Анаргүл Жексембай/- Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне қатысушылар назарына Маңғыстау мұражайының көрмесі ұсынылмақ.

Астана  Саммитіне  қатысушылар назарына Маңғыстау мұражайының көрмесі ұсынылмақ

Әдетте тарихи-мәдени ескерткіштерінің саны көптігімен әспеттелетін Маңғыстаудың аты қолөнер, зергерлік бұйымдар, киіз үй жабдықтары, т.б. жәдігерлердің сақталуы жағынан да озық тұр.

Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Тамара Жұмалиеваның айтуынша, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Астанадағы Саммитіне қатысушылар Қазақстан мәдениетіне Маңғыстау арқылы көз жеткізетін болады.

«Бұл туралы Президент мұражайының ғылыми қызметкері Нұржамал Шырынбаева, «бір жағынан ұлттық түр, реңкке өте бай Маңғыстау мұраларын Саммитке әдейі таңдадық. Қайталанбас дүниелерімен, тартымды жәдігерлерімен таңғалдыратындықтан «Маңғыстаудан шұрайлы экспонаттардың мол түрі келеді» деп шештік» -дейді МО мұражайының директоры Т. Жұмалиева.

Көрмеге Маңғыстаудың қысқаша тарихы, табиғаты, тарихи-мәдени ескерткіштері мен киелі орындары, Маңғыстаудың картасы, теңізі, қазба байлықтары, мұнайы, қалалары туралы қамтылып, облыстың тәуелсіздік жылдарындағы өркендеуі мен Елбасының Маңғыстауға сапарларынан естелік суреттер, өлкеге тән этнографиялық ерекшеліктер, атап айтқанда киіз үй жасаулары мен жабдықтары, дәстүрлі киім үлгілері, ұлттық зергерлік бұйымдары қойылмақ.

«Менделеевтің периодтық жүйесіндегі элементтердің барлық түрі кездесетін Маңғыстау байлығының біз тек 38 түрін көрмеге қоймақпыз.Маңызды халықаралық шарадағы көрме болғандықтан біраз экспонаттың ғасырлық тарихы бар түпнұсқасын, ал кейбірінің жаңғыртпа түрін алып барамыз», -дейді Т. Жұмалиева.

Қазіргі таңда көрмеге екі алып тақырыптық ванкер дайындалуда. Бірі тарихи-мәдени ескерткіштерге арналғандықтан, онда Шерқаланың, Каспий теңізінің, Адай ата кесенесі мен Бекет ата мешітінің, Маңғыстаудың сары алтын шағылдарының, мұнай даласы мен Маңғыстау эмблемасы, сондай-ақ Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ғимаратының суреттері бейнеленген.

Екіншісі Маңғыстау мұнайы туралы сыр шертетін болады. Мұражайдағы «Маңғыстаудың мұнай өндірісі» экспозициялық залы сол күйінде суретке түсіріліп, мұнайды алғаш ашқан еңбеккерлердің суреттері қойылып, кейбір мұнай өндірісіне қажетті бұйымдардың түпнұсқалары көрмеге жіберілмек.

«ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының Саммитіне лайықты деп таңдалу - мұражайдың тарихын қалыңдатып, байыта түсетін болады» дейді МО мұражайының директоры.