Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Astana» шабандоздары Испаниядағы жарыста бірінші және үшінші орынды иеленді

АСТАНА. KAZINFORM — XDS Astana Team командасының шабандозы Томас Сильва Испанияда кезекті жеңісіне қол жеткізіп, бір күндік «Кастилия и Леон классикасы» жарысында топ жарды. Ал оның командаласы Кристиан Скарони үшінші орын алды. 

«Astana» шабандоздары Испаниядағы жарыста бірінші және үшінші орынды иеленді
Фото: instagram.com/xds_astana_team

190,6 шақырымға созылған жарыс Бенавентеден Лубианаға дейінгі бағытта өтті. XDS Astana Team өкілдері жарыс бойы көшбасшылықты бақылауда ұстап, соңғы тауға көтерілу кезінде шешуші шабуыл жасауға қолайлы жағдай қалыптастырды.

Жарыстың соңына қарай Кристиан Скарони мен Томас Сильва қарсыластарына кезек-кезек қысым көрсетті. Мәре сызығына 100 метр қалғанда Сильва шешуші шабуыл жасап, 4 сағат 23 минут 41 секунд нәтижесімен бірінші болып мәреге жетті. Екінші орынды Movistar Team командасының испаниялық шабандозы Роджер Адриа иеленсе, Скарони жарысты үшінші болып аяқтады.

— Бұл — екі күндегі екінші жеңісім, сондықтан өте қуаныштымын. Ең алдымен, бүгін команданың керемет жұмысына тоқталғым келеді. Жігіттер орасан зор жұмыс атқарып, Кристианға, Диегоға және маған соңғы тауға көтерілу кезінде жеңіс үшін күресуге барлық мүмкіндік жасады. Біз тактикамызды мінсіз жүзеге асырдық. Бүкіл команданың тамаша еңбегін жеңіспен аяқтағаныма және Скаронидің үшінші орын алғанына өте қуаныштымын. Біз бірге жарысқанда өзімізді өте жақсы сезінеміз. Осы бағытта әрі қарай да жұмыс істей береміз деп үміттенемін, — деді Томас Сильваның сөзін команданың баспасөз қызметі келтірді.

Айта кетейік, «Астана» велошабандозы «Джиро д’Италияда» үшінші рет жүлдегер атанды.