«Астана» шабандозы «Трофео Пальма» жарысында жүлделі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияда «Challenge Mallorca» сериясының қорытынды «Трофео Пальма» бір күндік жарысы өтті.

«Астана» шабандозы «Трофео Пальма» жарысында жүлделі болды
Фото: XDS Astana Team / SprintCycling

Жарыс жаппай спринтпен аяқталды. XDS Astana Team шабандозы Макс Кантер мәреге 250 метр қалғанда спринтті ашып, нәтижесінде екінші орынға ие болды.

Red Bull–BORA–hansgrohe командасының мүшесі, бельгиялық Арне Марит жеңіске жетті, оның командаласы, итальяндық Алессио Магагнотти үшінші орынды иеленді.

Жарыс аяқталғаннан кейін Қазақстан құрамасының неміс спринтері Макс Кантер команданың үйлесімді жұмысын жоғары бағалады.

— Жарыс бойы қолдау көрсеткені үшін командаға алғыс айтқым келеді. Команда бүгінгі күнге жақсы жоспар құрды және бәрі біз ойлағандай болды. Жарақат салдарынан Глеб Сырица жарыс жолынан шығып қалды, финалда оның орны білініп тұрды. Майк Тениссен бір шақырым белгіден мәреге дейін керемет ауысым жасады, ол соңғы 400 метрге дейін созылды. Ол жерде төмен жылдамдықпен сәл ертерек шығуға тура келді. Бірақ мәреге бірінші болып келе алмадық. Дегенмен, бізде жүлделі екінші орын бар, сондықтан біз бұл жарысты жақсы көңіл-күймен аяқтаймыз. Алда жаттығу жиыны бар, — деді Макс Кантер.

«Challenge Mallorca» сериясының бес жарысының қорытындысы бойынша XDS Astana Team командасының есебінде екі жүлделі орын бар. Атап айтқанда, Макс Кантердің екінші орны және «Trofeo Serra Tramuntana» жарысында Кристиан Скаронидің үшінші орны.

Бұған дейін «Астана» командасының шабандозы Сауд Арабиясындағы көпкүндікте екінші орын алды.

Соңғы жаңалықтар