Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астана-Щучинск трассасындағы ақы алу пунктінде «Газель» өртенді

АСТАНА. KAZINFORM — 14 тамыз күні сағат 16:43–те Астана-Щучинск автожолындағы «Щучинск» ақы алу пунктіне кіреберісте қозғалыс жолағында «Газель» автокөлігі өртке оранды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі.

Астана-Щучинск трассасындағы ақы алу пунктінде «Газель» өртенді
Фото: Видеодан скрин

— Оқиғаға байланысты аталған жолақтағы қозғалыс уақытша тоқтатылды. ТЖМ қызметкерлері оқиға орнына келіп, өртті толық сөндірді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта жол қозғалысы қалпына келтірілді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, — делінген компания таратқан ақпаратта.

«ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметі атап өткендей, бұл жағдай көлік құралдарының техникалық жай-күйін үнемі бақылауда ұстаудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте еске салады.

— Техникалық байқаудан белгіленген мерзімде өтіп, автокөлікке уақтылы техникалық қызмет көрсетіңіз. Әсіресе электр сымдарының, жанармай жүйесінің, қозғалтқыштың, аккумулятордың және басқа да маңызды тораптардың жағдайына назар аударған жөн. Олардың ақауы жол үстінде қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Алыс сапарға шығар алдында көліктің техникалық жарамдылығын тексеріп, өрт сөндіргіштің бар әрі жарамды екеніне көз жеткізіңіз. Техникалық тұрғыдан жарамды көлік — жүргізуші мен жолаушылардың ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігі, — деп кеңес берді ведомство мамандары.

Бұған дейін Ертіс-Баян өңірінде орман өрттері 25 %-ға көбейгенін жаздық.