«Астана» станциясында ҚТЖ қызметкері қаза тапты

АСТАНА.KAZINFORM — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Астана» қосалқы станциясында қызметкердің қаза тапқанын растады. Компания өкілдерінің мәліметінше, жазатайым оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр. 

«Астана» станциясында ҚТЖ қызметкері қаза тапты
Фото: Kazinform

Әлеуметтік желілерде «Астана» станциясында қызметкердің қаза тапқаны туралы ақпарат тараған. Мәліметке сәйкес, марқұм электромеханик болып жұмыс істеген.

«Қазақстан темір жолы» компаниясының мәліметінше, жазатайым оқиға 14 маусым күні болған.

— Жазатайым оқиға фактісі бойынша белгіленген тәртіпке сәйкес тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері комиссия жұмысының қорытындысы бойынша анықталады. «ҚТЖ» ҰК АҚ тергеу жүргізуге қажетті қолдау көрсетіп, қаза тапқан қызметкердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады, — деп хабарлады ҚТЖ-ның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, былтыр теміржолда 44 адамды пойыз басып, оның 27-сі қаза тапқан.