Астана төрінде 4 жылдан соң құрақ көрпе стиліндегі шырша қайта тігілді
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы Нұржол бульварында құрақ көрпе стилінде жасалған экологиялық шырша қайта орнатылды. Әлеуметтік маңызы бар жоба биыл тоқыма ойыншықтармен толықтырылды.
Жобаны «Шеберлік жолы» қоғамдық қоры жүзеге асырып отыр. Қор басшысы, жобаның авторы Рахима Мұқышева бұл бастама алғаш рет 2020 жылы қолға алынғанын айтады.

— Құрақ көрпе стиліндегі бұл шырша алғаш рет 2020 жылы жасалған, оған 200-ден астам адам қатысқан. Биыл тұрғындардың сұранысымен жобаны қайта жаңғырттық, — деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл жоба аясында 50-ден астам ерікті екі күн ішінде 100-ден аса тоқыма ойыншық дайындаған. Қатысушылар тоқуды нөлден бастап үйренген.

Жоба ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтты. Оған әжелер, ата-аналар, жастар мен балалар бірлесіп қатысқан. Ең жас қатысушының жасы 6-да болса, ең үлкені 70-те.

Жобаға қатысушылардың бірі Зейнолла Әсем тоқудың әлеуметтік маңызына тоқталды.

— Тоқу мен үшін жай хобби емес, адамдарға жақсылық сыйлайтын іс. Осы жоба арқылы мейірім мен еңбектің құндылығын көрсеткім келеді, — деді ол.

Құрақ көрпе стиліндегі шырша бұған дейін шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында да көрсетілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы жылдары да жалғасын табады.

Айта кетейік, Петропавлда жаңа жыл мерекесі қарсаңында көне шырша ойыншықтарының көрмесі болғанын жазған едік.